Мамин елордада тұрғын үй құрылысының барысын тексерді
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин елорданың жаңа шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан әлеуметтік тұрғын үй құрылысының барысын тексерді, деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі.
Бірнеше жыл ішінде мұнда жалпы ауданы 1,9 млн шаршы метр болатын 35 мың пәтерлік тұрғын үй кешендері салынады. Қазіргі таңда 200 мың шаршы метр (4073 пәтер) ауданымен тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр, онда 1000-нан астам адам жұмыс істеуде, жұмыс ірі панельді үй құрылысы саласындағы озық әзірлемелерді қолдана отырып, екі ауысымда атқарылып жатыр. Тұрғын үй кешендерінің бірінші кезегі биыл пайдалануға беріледі.
Үкімет басшысы барлық құрылыс жұмыстарын сапалы орындап, нысандарды жоспарланған мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
2020 жылдың 10 айында Нұр-Сұлтан қаласында 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін қолжетімді баспанадан 8 мыңға жуық пәтер қосымша пайдалануға беріледі. Оның ішінде 966 пәтер жалдамалы тұрғын үй үшін (616 – аз қамтылған отбасыларға, 350 – жұмыс істейтін жастарға), 1000 пәтер мұғалімдер, дәрігерлер, полиция, өртке қарсы қызмет қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының мамандары үшін сатып алынады. 2021 жылы елордада 10 мыңға жуық әлеуметтік тұрғын үй пәтерін пайдалануға беру көзделген.
Қазақстанда 2020 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ауданы 15 млн шаршы метр болатын 150 мың тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. ҚР-да жалға берілетін және несиелік пәтерлермен халықтың әлеуметтік осал топтары, жастар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатарынан 35 мыңнан астам отбасы қамтамасыз етіледі.
Инспекциялық сапарға Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев және т. б. қатысты.