Мамин елордада ірі көлік жобалары құрылысының барысымен танысты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 26 мамырда Асқар Мамин елорданы жұмыс барысымен аралады, онда Нұр-Сұлтан қаласының Оңтүстік–Батыс жаңа айналма автомагистралінің және ЖРТ желісінің құрылысын тексерді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған жобалар елорданың орнықты көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында іске асырылып жатыр.
«Нұр-Сұлтан қаласының Оңтүстік–Батыс айналма жолы» жаңа автомагистралі Елорданы дамытудың бас жоспарында қарастырылған К-1 айналма жолының бөлігіне айналады. Ол ұзындығы 87 шақырым болатын қала маңындағы айналма жолды тұйықтайды.
Айналып өтетін трассаның жалпы ұзындығы 3 көпір мен 4 көлік жобасын қоса алғанда 34 шақырымды құрайды. Бұл қала арқылы транзитпен, елорданы айналып өтетін автокөлік құралдарының ағынын бағыттауға мүмкіндік береді, сондай-ақ, жүк автокөлігін қала сыртына шығарады, елордадағы көлік ағынын азайтуға жол ашады. Айналма трассалар бойынша қазіргі ағын 50%-ға оңтүстік-батыс айналма жолына өтуі мүмкін екені болжанған. Жол бойында логистикалық орталықтар мен жол бойы сервисінің нысандары салынады.
«ҚазАвтоЖол» АҚ деректері бойынша, нысан құрылысында 800-ден астам адам жұмыс істейді, 500-ге жуық техника тартылған.
ҚР Премьер-министріне барлық жоспарланған жұмыстардың кестеге сәйкес жүргізіліп жатқаны жəне биыл автожолдың барлық ұзындығында қозғалыс ашылатыны баяндалды. Асқар Мамин мердігер ұйымдардың назарын атқарылып жатқан жұмыстардың мерзімі мен сапасын сақтау қажеттігіне аударды.
ҚР Үкіметінің басшысы айналма жол айрығынан Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық əуежайына дейінгі учаскедегі Қабанбай батыр даңғылын реконструкциялау жоспарларымен танысты. 6,4 шақырым ұзындығы бар автожолдың аталған учаскесін алты жолақты ету көзделген. Жұмыстар 2020 жылы басталады, қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздеме жəне жобалық-сметалық құжаттама əзірленуде.
Бұған қоса, жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. ҚР Премьер-министрі жаңа көлік жүйесін іске асыру барысын тексерді, оны іске қосу 2020 жылдың екінші жартысына жоспарланған.