Мамин экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысын өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысы Саран қаласындағы бұрынғы резина техника бұйымдарының зауыты базасында ірі өнеркәсіп жобаларын іске асыру мәселелері қаралды, деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, "Yutong" маркалы автобустар мен арнайы техниканы құрастыруды ұйымдастыру жоспарланған. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 22 млрд теңгені құрайды, кәсіпорынның жобалық қуаттылғы - жылына 1 200 автобус және 500 бірлік арнайы техника мен арнайы көлік.

Сонымен қоса, "Doublestar" маркалы автомобиль дөңгелегін өндіру жолға қойылады. Жобаға 56 млрд теңге инвестиция салып, жыл сайын жеңіл көлік үшін 3 млн дөңгелек және коммерциялық техника үшін 500 мың дөңгелек шығару көзделген.

Сонымен қатар, резина техникасы зауыты алаңында дайын өндірістік ғимараттар кешені (Ready Built Factory) құрылады, онда шағын кәсіпкерлер индустриялық жобаларды, оның ішінде құраушы бөлшектер мен компоненттерді өткізетін болады.

Отырысқа қатысушылар сонымен қатар Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының агрохолдингтерінің инвесторларына мемлекеттік қолдау көрсету, 2016-2020 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының қызметі және т.б. мәселелерді қарастырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы