Мамин егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде аяқтауды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Ауыл шаруашылығы министрлігінде көктемгі-егіс жұмыстарын жүргізу барысы туралы жұмыс кеңесін өткізді. Оған мемлекеттік органдар басшылары,облыс әкімдері, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, салалық қауымдастықтар мен одақтар өкілдері қатысты, деп хабарлады primeminister.kz.

Кеңесте шаруаларды сапалы тұқымдармен, ЖЖМ-мен, ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз ету, сұранысқа ие ауыл шаруашылығы дақылдарының аудандарын әртараптандыру, субсидиялау мәселелері қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров қазіргі таңда барлық өңірлер көктемгі-егіс жұмыстарын жүргізуге кіріскенін, ал оңтүстік өңірлерде егіс жұмыстары аяқталуға тақап қалғанын айтты. Егістің жалпы ауданы 22,3 млн гектарды құрайды, оның ішінде көктемгі егіс аумағы — 19 млн га. Дәнді дақылдар 14,5 млн га алқапқа егіледі Шаруалардың тұқымға деген қажеттіліктері 100% қамтамасыз етілді: биылғы егінге шамамен 2,5 млн тонна тұқым себілді, бұл өткен жылғыдан 100 мың тоннаға артық.

Зиянкестер мен арамшөптерден қорғау мақсатында қажетті қоректік заттар мен өңдеуге арналған препараттар сатып алынғаны аталып өтті. Бүгінде 267,1 мың тонна тыңайтқыш тиелді, оның 60% — отандық өндірушілерден алынған.

2018 жылы ауыл шаруашылығы техникалары 3,5%-ға жаңартылды. Жалпы алғанда, жұмысқа 147 мың трактор, 4 мың бірлік өнімділігі жоғары егіс жиынтықтары тартылған.

Мемлекеттік қолдау шараларының аясында 50,6 млрд теңге сомасына 1770 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі қаржыландырылды.

Өз кезегінде ҚР энергетика министрі Қ. Бозымбаев шаруаларды жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету барысы туралы баяндады. Наурыз–маусым кезеңінде көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 380 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінгі таңда қажеттілік көлемінің 81% тиелді. ҚР Энергетика министрлігі белгілеген дизель отынының бағасы литріне 160 теңгені құрайды (193 мың теңге/тонна), операторлардың жеткізу бағаларын ескергенде өңірлердегі орташа бағасы — 174 теңге/литр, бұл нарықтық бағадан 18 теңгеге арзан.

Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарының басшыларының және солтүстік өңірлер — Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерінің өңірлерде егіс науқандарын жүргізу туралы баяндамалары тыңдалды. Барлық өңірлер тұқымдардың қажетті көлемімен қамтамасыз етілген, ЖЖМ жеткізуде мәселе жоқ.

Кеңес қорытындысын шығара отырып, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин егіс науқанының қанағаттанарлық қарқынын атап өтті. 

«Егіс жұмыстарын оңтайлы агротехникалық мерзімде ұйымдастырып, аяқтау – басты мәселе», - деп нақтылады Асқар Мамин.






Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы