Мамин ЕАЭО-дағы инвестициялық қызметті күшейтуді ұсынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) отырысына бейнеконференция байланысы режимінде қатысты.
Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Үкімет басшысы Еуразиялық экономикалық одақта және одан тыс жерлерде сауданың көлемі мен тұрақтылығын арттыру қажеттігін атап өтті, бұл ЕАЭО-ның еркін сауда аймағы туралы келісімдері бар елдердің тізімін кеңейтуді талап етеді.
Премьер-министр ЕАЭО аясындағы инвестициялық қызметтің ішкі әлеуетін арттыру жөніндегі жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Бұл процесте негізгі мақсаты ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикалық өсуіне ықпалдасу және инвестициялық қызметті жүзеге асыру арқылы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту болған Еуразиялық даму банкі бірінші кезектегі рөлді атқаруы тиіс, - деді Мамин.
Үкімет басшысы ЕАЭО-да қабылданатын барлық шешімнің бизнесті дамытуға, ЕАЭО елдері бюджеттерінің шығыстарына және жалпы алғанда экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға әсерін міндетті сандық және сапалық бағалауды енгізуді ұсынды. Отырысқа қатысушылар Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын, мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу мақсаттары үшін тауарлардың жекелеген түрлерінің шығарылған елін айқындау қағидаларын, ЕАЭО ішкі нарығында 2021-2022 жылдары жойылуы тиіс алып тастау және шектеулер тізбесін, бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу мәселесін, сондай-ақ ЕАЭО аясында құрылыс саласында көрсетілетін қызметтердің бірыңғай нарығының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын қарады.