Мамин дәстүрлі форматта оқытуға көшу бойынша бірқатар тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин Үкімет отырысында айтты.

Биылғы оқу жылы денсаулық сақтау жүйесінің әзірлігі анағұрлым жақсы әрі халықты жаппай вакциналау жағдайында басталғалы отыр. Вакцина алған педагогтар жұмысқа кіріседі. Білім беруді ұйымдастырудың неғұрлым қауіпсіз жүйесі мәселесі пысықталып жатыр. Сондықтан білім берудің дәстүрлі форматына оралу туралы шешім қабылданды, - деді Мамин.

Ол атағандай, оқушылар мен педагогтардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырушылық мәселелерді барынша тездетіп шешу қажет.

Осыған орай Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктеріне, өңірлердің әкімдіктеріне мынадай тапсырмалар береміз: жаңа оқу жылында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында, сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында оқу штаттық режимде қамтамасыз етілсін, - деді ол.

Мамин Білім министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, әрбір мектепке дәстүрлі форматта оқу бойынша нақты ұсынымдарды жеткізуді тапсырды.

Осы жылғы 25 тамызға дейін медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардан басқа, педагогтар мен техперсоналдар вакцинациялаумен 100% қамтамасыз етілсін. Мектептерді санитариялық талаптарға сәйкес қабылдауды осы жылғы 20 тамызға дейін аяқтау қажет. Барлық білім беру ұйымында педагогтар, қызметкерлер мен ата-аналар үшін «ASHYQ» жүйесін енгізу қажет, - деді ол.

Асқар Мамин 25 тамызға дейін оқулықтар кестеге сәйкес толығымен жеткізілуі керек екенін айтты.

Бұл оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Кестеден кешігіп отырған 2 өңірге – Павлодар және Түркістан облыстарына қатысты. Мектептерде жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтау қажет. Мәселен, жөндеу жұмыстары аяқталмаған мектептердің ең көбі Алматы облысында – 9 мектеп, одан кейін Қостанай облысында – 6 және Батыс Қазақстан облысында – 5, - деді ол.

Үкімет басшысы әкімдерге қойылатын міндетті атады.

Барлық білім беру ұйымдары оқу жылын бастауға 100% дайын болуы тиіс, балалардың қауіпсіздігі, тамақтандыру және мектепке жеткізу бойынша барлық мәселелер шешімін табуы керек. Сонымен қатар колледждерді бизнестің басқаруына беру туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл бағыт Түркістан облысында жақсы дамыған, осы тәжірибені пайдалануға болады. Асхат Қанатұлы, 25 тамызға қарай жағдайды баяндаңыз. Ералы Лұқпанұлы, барлық мәселелерді ерекше бақылауда ұстаңыз, - деді ол.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы