Мамин бюджеттің атқарылуына қатысты бірқатар тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Мамин онлайн өткен Үкімет отырысында айтты. 

Он айдың қорытындысы бойынша экономиканың нақты секторы өсудің оң қарқынын көрсетіп отыр.Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 3,2 пайыз, оның ішінде тамақ өнеркәсібінде – 3,4, фармацевтикада – 39,7, дайын металл бұйымдары өндірісінде – 19,5, машина жасауда – 16,5, оның ішінде автомобиль жасауда - 53,6, қағаз бұйымдарын шығару – 15 және жеңіл өнеркәсіпте – 16,4 пайыз, - деді Мамин.

Премьер-министр атап өткендей, құрылыс көлемі 10,7 пайызға артты, тұрғын үйді пайдалануға беру – 9,7 пайыз немесе шамамен 10,7 млн шаршы метрге артты.

Ауыл шаруашылығында 5,2 пайыз орнықты өсім қамтамасыз етілді.Тау-кен саласының маңызды бағыттары бойынша оң қарқын сақталып отыр. Темір кенін өндірудегі өсім - 1 пайыз, басқа да пайдалы қазбалар өндірісінде – 0,7 пайыз.Дегенмен ОПЕК+ келісімдерін орындау қажеттілігіне байланысты мұнай өндіру көлемі азайды (-4,3%), - деді ол. 

Мамин карантин шараларының күшеюі қызмет көрсету саласына әсер етіп отыр (-6,1%), дегенмен бұл көрсеткіштердің де тұрақтала бастағанын көріп отырғанын айтты.

Он айдың қорытындысы бойынша өңірлер арасында 9 өңір 5 негізгі көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз етті. Олар - Ақмола, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласы. 5 өңірде 4 көрсеткіш бойынша оң динамика байқалады. Олар - Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, - деді ол. 

Маминнің айтуынша, өңірлер жоспарланған әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу және Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді тиімді іске асыру үшін барлық шараларды қабылдауы тиіс.

Қаржы министрлігіне өңірлермен бірлесіп республикалық бюджеттің кіріс бөлігі бойынша жоспардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен әкімдіктер бюджеттік қаражатты толығымен және тиімді игеруді қамтамасыз етуді, жылдың соңына дейін басталған жобаларды аяқтап, жоспарланған көрсеткіштерді орындауды тапсырамын, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы