Мамин басшылар мен әкімдерге бағаны тежеу жұмысын күшейтуді тапсырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин Үкімет отырысында айтты.
Ол атағандай, қызметтер көрсету секторындағы өсу қарқыны қалпына келіп, 2,3 пайызға жетті.Сегіз айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 3 пайызға дейін өсті. Өңдеуші өнеркәсіпте өсу қарқыны 5,8 пайызға, сауда саласы 9,1 пайызға, байланыста 12,8 пайыз және құрылыста 11,4 пайызға өсіп жатыр. Соның ішінде 8 айда елімізде 8,9 млн шаршы метр үй пайдалануға берілді, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 10,5 пайызға артық, - деді Мамин.
Сондай-ақ Мамин экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және жұмыс орындарын құру жұмыстарын одан әрі жалғастыру қажет екенін айтты.Негізгі капиталға инвестициялар көрсеткішінің сенімді қалыпқа келе бастағанын атап өту керек, олар тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда 18 пайызға ұлғайды. Қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша барлық негізгі 7 макрокөрсеткіш бойынша Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласында өсу байқалып отыр, - деді ол.
Сонымен бірге биылғы тамыз айында инфляция өсті. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі инфляцияның өсуіне барынша себеп болып отыр. Бағалардың ең көп өсуі Түркістанда, Нұр-Сұлтанда және Қызылордада байқалған. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер бағаны тежеу жұмыстарын күшейтуге тиіс. Сауда министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Инфляцияға қарсы әрекет етудің кешенді шаралары аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тежеу жұмысын нақты үйлестірсін, - деді ол.