Мамин Алматы облысының су тасқынына дайындық жұмыстарымен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Алматы облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты. Бұл туралы primeminister.kz мәлімдеді.

А. Мамин көру алаңына барды, онда Қорғас өзенінде селден және су тасқыны қаупінен қорғану жобаларының іске асырылу барысын тексерді. Премьер-министрге бөгеттердің құрылыс жұмыстарының басталуы туралы баяндалып, арна қалыптастыратын және сел тасқынынан қорғану құрылыстарын салу жобасы таныстырылды. «Қазселденқорғау» ММ басшысы Т. Баймолдаев көпір құрылымын қорғау мақсатында еріген қар суларын өткізу үшін өзен арнасы бойымен жағаны бекіту жұмыстары аяқталғанын, патрульдік-трактор жолымен Шүкірбұлақ бөгетінен Қазанкөл көліне дейін жалпы ұзындығы 17 шақырым болатын құрылыс жүргізіліп жатқанын баяндады. Төтенше жағдайларды ескерту және алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінді.

Премьер-министр Қазақстан–Қытай шекарасында елдер арасында тауар айналымын ұлғайтуға, ҚР транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған Орталық Азиядағы аса ірі «Нұр жолы» өткізу пунктіне және «Қорғас — Шығыс қақпасы» АЭА құрғақ портына барды.

 

«Нұр жолы» өткізу пунктін аралау кезінде Премьер-министрге 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап инновациялық технологиялардың арқасында, шекара арқылы күн сайын 2 500-ге жуық көлік құралы, оның ішінде 2 200 жүк және 300 жолаушылар көлігі өткізілетіні туралы баяндалды. Сонымен қоса, оның өткізу мүмкіндігін тәулігіне 5 000-ға дейін жеткізу қарастырылған. Бұл орайда, көлік ағындарын бөлу процесін автоматтандыру жүк көлігінің өту уақытын 40 минутқа дейін қысқартуға (тіркеуден бастап өткізу пунктінен шығарғанға дейін) мүмкіндік берді. Шекарадан кідіріссіз өтудің бұл жүйесі ТМД аумағында алғаш рет енгізілген. Жобаны іске асыру 2020 жылға қарай орта есеппен 20,3 млрд теңге көлемінде қаражаттың қосымша түсуін қамтамасыз етеді.

 

«Қорғас — Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын көру барысында А. Маминге индустриялық парктерді іске асыру жоспарлары таныстырылды. Премьер-министр әлеуетті инвесторлармен жұмысты жандандыру мен аймақ аумақтарын уақытылы толтырудың қажеттігін атап өтті. Мұнда қойма терминалдары, биыл сәуір айында пайдалануға берілетін екі құрғақ қойма тексерілді, сондай-ақ қосымша мультитемпературалық қойманың ашылуына қатысты жоспарлар таныстырылды. Қоймалар жұмыстарын автоматтандыру мәселелері қаралды.

 

Осы жерде А. Маминге жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысының негізгі көрсеткіштері және жаңа нысандардың жобалары таныстырылды. Қуаттылығы жылына 60 000 тоннаны құрайтын «Феникс Фид Миллс» қоспа жем шығаратын зауыт биыл сәуір айында пайдалануға енгізіледі. 87 жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ, өткен жылы қарашада іске қосылған «Заря Ltd» астық терминалы араланды. Элеватор кешені 15 мың тонна жүгері дәнін бір мезеттік сақтауға (одан әрі екінші желіні 30 мың тоннаға кеңейтумен), оны сәйкес сұрыпталғанға дейін жеткізуге арналған. Өнім Өзбекстанға экспортталады, сонымен қатар ҚХР нарығына шығу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жұмыс сапары аясында Асқар Мамин «Қорғас» Халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығына барды. Премьер-министрге ХШЫО аумағындағы келушілерді, тауарлар мен көлік құралдарының қозғалысын есепке алу мен бақылаудың автоматтандырылған жүйесі таныстырылды. Бұл жоба кедендік әкімшілендіру тиімділігін арттыруға жол ашады. Мұнда күніне 100 тоннаға дейінгі көлемдегі жүкті өңдей алатын жүк терминалының жұмысы қаралды.

Еске сала кетейік, Орталық аумағында адамдар, тауарлар мен көліктер еш виза рәсімдеусіз, емін-еркін қозғалыс жасай алады.

Бұдан өзге, А. Мамин «Қорғас» ХШЫО аумағында орналасқан қазақстандық сауда нысандарын аралады.

Оларға қатысты қолданыстағы салық жеңілдіктері ҚХР-мен тауар айналымында экспорт үлесін арттыруға және ШОБ дамытуға бағытталған.

 

Айта кетейік, жұмыс сапары барысында Премьер-министрге Нұркент жаңа қаласын тұрғызудың алдағы жұмыстары мен қазіргі жағдайы туралы баяндалды. Елді мекенде тіршілікті қамтамасыз ету, соның ішінде тұрғын үй мәселелерін шешу барысы туралы ақпарат берілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы