Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын реттеу жөнінде кеңес өткізді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағаларын реттеу мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Қазіргі жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев және т. б. баяндады.
Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 0,2%-ды құрады. Бұған жұмыртқа бағасының 1,3%-ға, сәбіздің 0,8%-ға және қанттың 0,7%-ға қымбаттауы әсер етті.
Жұмыртқа бағасының ең көп өсуі Қарағанды (7,6%), Батыс Қазақстан (7,3%) және Ақмола (4,8%) облыстарында, сәбіз бойынша Алматы қаласында (4,5%), қант бойынша Қарағанды облысында (5,5%) тіркелді.
Өңірлерде «айналым схемасын» қаржыландыру 4,4 млрд теңгеге артып, 45,1 млрд теңгеге жетті. Нысаналы деңгей 90,2%-ға қамтамасыз етілді.
306 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауарлар сатып алынды, бұл өткен аптадағы көрсеткішпен салыстырғанда 12%-ға артық.
Үш айлық кезеңге ӘМАТ-пен қамтамасыз ету еліміз бойынша 90%-дан асады (аптасына +17,6 п.т.), әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық түрі бойынша ең жоғары көрсеткіштерге Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында, Маңғыстау, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында қол жеткізілді.
Өткен аптада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өңірлік сауда желілерімен ӘМАТ-қа сауда үстемелерін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету туралы монополияға қарсы комплаенстің 17 актісін жасасты.
Жалпы республика бойынша монополияға қарсы комплаенстің 125 актісі жасалды.
Премьер-министр өңірлердің әкімдеріне «айналым» схемасын қаржыландыруды ұлғайту және өнімдердің үш айлық қорын ұсынылған көлемдерге дейін жеткізу, азық-түлік тауарларының өңіраралық үздіксіз ағынын ұйымдастыру, сондай-ақ сауда субъектілерінің бағаны сауда үстемесінен асыру фактілерінің жолын уақытылы кесу арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұруды күшейтуді тапсырды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және жалпы инфляцияны тежеу мәселелері аса маңызды. Әрбір тауар позициясы бойынша жағдайды күнделікті бақылай отырып, жүйелі жұмыс жүргізу қажет, - деді Мамин.