Мамин 4 айдың ішінде экономикалық көрсеткіштері жақсарған өңірлерді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин еліміздің экономикасының қаңтар-сәуір айларындағы көрсеткіштеріне тоқталып өтті. 

«Экономика оң қарқынмен дамуда. Құрылыс 8,4%, сауда-саттық 7,3%, көлік саласы 4,8%, машина жасау 19,8%, металл, кен өндеу 14%, мұнай өндеу 9,1%, жеңіл өнеркәсіп 27,4%-ға өсіп, экономиканың негізгі қозғаушы күші болды. Осы көрсеткіштерді одан әрі жақсартуымыз қажет. Экономиканың негізгі өсу базалары бойынша жақсы нәтижеге жеткен өңірлер бар», - деді премьер-министр.

Ол қаңтар-сәуір айларында инвестиция, құрылыс, өнеркәсіп, тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша өсім байқалған облыстарды атап өтті.

Шығыс Қазақстан – инвестициялар 58,3, өнеркәсіп 13,3%-ға;

Қостанай облысы – инвестициялар 36, құрлыс 21,3%-ға;

Түркістан облысы – инвестициялар 32,9, құрылыс 40,2, тұрғын үйді пайдалануға беру 30%-ға;

Павлодар облысы – инвестициялар 32,1, құрылыс 23,9%-ға;

Атырау облысы –  инвестициялар 12,3, құрылыс 43, тұрғын үйді пайдалануға беру 19%-ға өскен.

Үкімет басшысының айтуынша, Маңғыстау, Ақмола облыстары мен елордада құрылыс, инвестиция және өнеркәсіп көрсеткіштерінің тұрақты теріс динамикасы байқалып отыр.

«Сонымен қатар Шымкент қаласында мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғыртуды есепке алмағанда инвестиция мен құрылыс бойынша көрсеткіштер өсуде. Бірақ, әкімдік бұл бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізуі қажет екендігін атап өтемін. Бұл ретте, жоспарланған көрсеткіштердің төмендеуіне жол берген өңірлердің әкімдіктеріне жоспарланған деңгейге шығу бойынша шұғыл шараларды қабылдауды, ал оң көрсеткіші бар өңірлерге жұмыс қарқынын арттыруды тапсырамыз», - деді Асқар Мамин.

Бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Қазақстанда жалпы ішкі өнім қаңтар-сәуір айларында 4% өскенін мәлімдеді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы