Маман ретінде қуанып, ата-ана ретінде мұңаямын – Мақпал Жұмабай

Мақпал Жұмабай «Желмая» жобасында министрліктің TiJi және Nickelodeon арналарындағы 800 сағаттық балаларға арналған үздік анимацияларды дубляждап, қазақ тіліне аудару бастамасына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Шетелдік алпауыт балалар контентін өндіруші компаниялардың өнімдерін қазақшалау қазақ тілін, балалар контентін дамытудың оңтайлы әрі төте жолдарының бірі. Егер біз оны аударып, қазақ тілінде ұсынбасақ, оны балалар басқа тілдерде көреді. Екі жол бар: шетелдік жобаларды алып, жерсіндіру және өз өнімімізді өндіру. Менің ойымша, екеуі қатар жүруі керек, - деді Мақпал Жұмабай. 

Дегенмен маман барлық ата-ана мен баланың теледидар көріп отырғанын қолдамайтынын жеткізді. 

Мысалы, «Balapan» телеарнасында рейтинг өте жоғары. Әрине, елімізде іргелі телеарналар қатарында, салалық телеарна ретінде алғашқы орында тұруымыз кәсіби маман ретінде үлкен қуаныш, зор мақтаныш. Бірақ ата-ана ретінде мұңаямын, балалардың бәрі теледидар көріп отыр-ау деп ойлаймын, - деді ол.

Сондықтан маман әр баланың жасына, қызығушылығына тиісті ғана контентті көруге рұқсат ету керегін алға тартып, баланы туғаннан кітаппен дос болуға баулуға, күнде кешке кітапты құшақтап отырып балаға ертегі оқуға шақырады.    

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы