Маман кеңесі: Сүндеттеу жайлы не білу керек, баланы қай кезде сүндеттеуге болмайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сүндеттеу – адам денсаулығын сақтаудың маңызды прафилактикасының бірі. 

Дініне бекем қазақ халқы ұлын 3 не 5 жасында сүндеттеп, мүмкіндігінше ағайын туысын шақырып, дастархан жайған. Ал жағдайы бар бақуаттылары ұлан-асыр той жасап, ат шаптырып, көкпар тартқызған. Демек, алаш жұрты  Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне амал етті деп айтуға толық негіз бар.

Халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген осы бір игі дәстүрін бүгінгі дамыған медицина да қуаттап, пайдалы екенін алға тартуда. Бүгін "Баланы неше жасында сүндеттеу керек? Сүндеттегеннен кейін балаға қандай күтім керек?" деген және өзге де сұрақтарға жауапты уролог-андролог Ернұр Айнаевтан сұрап білген едік.

Баланы неше жасында сүндеттейді? Дәрігер ретінде тек тақ санда ғана сүндеттеу дегенге қалай қарайсыз?

- Баланы сүндеттейтін белгілі жасы жоқ. Негізі туғаннан кейін 7-күннен бастап кез келген жаста сүндеттей береді. Тіпті 30-40 жаста келіп жататын ер азаматтарымыз бар. Көбі тақ сан 3, 5, 7 жас деп айтып жатады ғой, негізі ондай қағида жоқ. Жалпы кез келген жаста, айда, күнде сүндеттей берсе болады. Зерттеулер бойынша неге 7-ші күн? Сүндетке отырғызу  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  сүннеті. Бұл жөнінде хадисте: «Алла елшісі Хасан мен Хусейн туылғаннан кейін жетінші күні оларды сүндетке отырғызды» деген.

Адамда қанды қоюландырып, қанды тоқтататын факторлар бар. Олар 4-5-ші күні дамып, 7-ші күні барлығы орнына келіп, қанды тоқтататын дәрежеге жетеді екен. Бала туғаннан кейін жетінші күні не жеті күн өткеннен кейін сүндеттей берсе болады.

Қазір сүндеттеудің неше жолы бар? Лазер, пышақ деген мәселеге тоқтала кетсеңіз.

- Түрлері көп, өзіңіз атап өткендей лазермен, пышақпен, пышақ дегеніміз скальпельмен, қайшымен кесіп жатады. Ол негізі аса бір роль ойнамайды. Лазер дегеніміз, коагулятор деп аталады медицина тілінде немесе кейбірі электропышақ қолданып жатады. Ол не үшін керек деген мәселеге келетін болсақ, ол сүндеттеген кезде бірден қан тамырларының бетін күйдіріп, жауып кетеді. Осы әдіспен жасаған кезде қанамайды. Үлкен қан тамыры болмай, ұсақ қан тамыры болса қанамайды. Лазер немесе коагулятормен істеген кезде тінді күйік шалады, күйік шалғаннан кейін оның жазылуы скальпельмен не қайшымен істегенге қарағанда кішкене ұзақтау болады. Қайшы не скальпельмен істегенде оны тікпейінше біраз қанайды. Сондықтан екеуінің де кемшін тұстары мен артықшылығы бар.

Сізге келген ата-аналар көбінесе қай әдісті таңдайды?

- Ата-аналар көбінесе коагулятор, электропышақпен жасаңыз деп өтініш айтады. Өйткені қанамайды. Сол үшін жасатып жатады. Ал жазылып қалпына келу процесінде 1 күн айырмашылық болуы мүмкін. Негізі коагулятормен жасатқан дұрыс, өйткені қанаған кезде отаның да уақыты ұзақтау болып кетеді.

Жалпы наркозбен және жергілікті жансыздандыру арқылы сүндеттеп жатады. Жалпы наркоз балаға теріс әсер етпей ме? Үлкен кісінің өзі наркоздан кейін мең-зең болып тұрады емес пе?!

- Жансыздандырудың жергілікті және инфильтративті деген түрлері бар. Бала мүшесінің ұшына жансыздандыру уколын салатын түрлері бар. Наркозбен жасалатын түрлері бар. Ингаляциялық наркоз деген бар. Оны балаға иіскеткен кезде, ұйықтап қалады. Наркозбен жасатқан кезде осы тәсілі жақсы, ең жеңілі. Себебі сүндеттеп болғаннан кейін оттегі қосып жіберсе, бала бірден оянады. Егер укол салатын болса, оның уақытын нақты есептей алмаймыз. Сүндеттеуге қатысып, көріп жүрген анестезиолог болса, 10-15 минутқа есептеп, уколды салады. Бала сол уақытта ояна бастайды. Егер сүндеттеу кезінде қанап, ота жасау уақыты созылып кететін болса, наркоздың уақыты бітіп қалса, онда ота жасап жатқан кезде бала ояу жатады. Сол жағынан кішкене ыңғайсыздау. Наркоздың соншалықты кері әсері болады деп ойламаймын, өйткені ол баланың салмағына байланысты, уақытқа байланысты беріледі. Үлкен операция болмағандықтан, бұл жерде аз мөлшерде беріледі. Кей клиникаларда наркоздың сусын түріндегісі де бар, бала ішіп ұйықтап қалады. Бұл кімдерге керек? Бала дайын болмаған кезде, баланың психологиялық жарақат алып қалмауы мақсатында жасаса болады. Себебі сүндеттеу кезінде алатын психологиялық жарақатқа бей-жай қарауға болмайды. Соны көп ата-ана елемей жатады. Бала сүндеттегеннен кейін психологиялық жарақат алса, кекештеніп қалуы мүмкін, не болмаса кіші дәретке жіберіп қоюы, қорқып қалуы мүмкін. Бұл да өте маңызды, ескеретін нәрсе. Кей кезде баланы алып келгенде бала шыңғырып, жылап жатады. Сол кезде «қазір жасауға болмайды, бала дайын емес» деп айтамын. Кей аналар «біз үйде ет асып, дастархан жайып қойдық, жасау керек» деп жатады. Бұл жерде бала денсаулығы маңызды ма, әлде жасап қойған дастархан маңызды ма?! Кей кезде осындай нәрселерді де түсіндіріп жатамыз. Әркім өз баласына өзі жауапты ғой. Бірақ кейбір ата-аналар «жасай бер, мен ұстап тұрамын» деп тұрып алады. Ондай жағдайлар жиі кездеседі. Бір күні атасы немересін алып келді, бала 6 жаста ма солай. Ол жылап, қоймай жатыр. Атаға наркозбен жасайық десем «Жоқ, мен ұстап тұрамын. Үйде қонақтар келіп, күтіп отыр» деп болмай қойды. Ота кезінде өзі ұстап отырды, бала жылап, тыпырлап жатыр. Ол қимылдап жатқаннан кейін ота жасаған да ыңғайсыздау. Ондай кезде отаның уақыты да созылып кетеді. Сол үшін баланы дайындау керек. Бала қатты эмоционалды түрде уайымдаса, наркозбен істеген дұрыс. Наркоздың зияны, баланың эмоционалды тұрғыдан зиян шеккенге қарағанда көп деп ойламаймын. Баланың психологиялық жарақаты наркоздың әсерінен де қауіпті болуы мүмкін. Салдарынан денеде өзгерістер болуы мүмкін. Кекештеніп, не болмаса энурез дейді, бала кіші дәретін ұстай алмай, түнде жіберіп қоюы мүмкін. Ол балаға тағы соққы болады. Бұл жағдайда баламен психолог жұмыс істеуі керек. Ол біраз уақыт алады.

Біз инфильтративті анестезияны мүшенің түбіне саламыз. Біз кесетін жақта ешқандай деформация болмайды. Кей хирургтар мүшенің кесетін жағына салып жатады. Бұл хирургтардың өздеріне қиын. Ондай тәсілмен жасап жүрген хирургтарға инфильтративті анестезияны үйрену керек. Оны жасаған кезде ота оңай жасалады, дәрігердің өзіне де жеңіл болады. Уақыты да ұзақ болмайды.

Өзіңмен бірге не алып келу керек? (керек-жарақ заттар)

- Сүндеттен кейін киімі жабысып қалмауы үшін, өзімен бірге арнайы іш киім алып келсе болады. Біз сүндеттегеннен кейін жансыздандырғыш дәрінің әсері 10-15 минутқа созылады. Ол кезде бала үйге жетіп үлгермей қалса, үйде жыламас үшін ауырсынуды басатын Ибуфен немесе Ибупрофен секілді балаларға арналған дәрілер алып келсе болады.

Үйге келген соң сол арнайы іш киіммен жүру керек пе?

- Жоқ. Үлкен ашық футболка кигізіп қою керек.

Сүндеттегеннен соң қандай күтім керек?

- Көп ата-ана сүндеттелгеннен кейінгі жазылу ол кескенге байланысты деп ойлайды. Лазермен кесті ме, пышақпен кесті ме, оған байланысты емес. Ол көбіне мүшенің басының ашық не жабық болуына байланысты. Егер мүшенің басы ашық болса, ол немен кессе де тез 5-7 күнде жазылып кетеді. Егер мүшенің басы жабық болған болса, фимоз, алдында қабыну болса, ондай жағдайда міндетті түрде жазылу процесі ұзаққа созылады. Ол туралы бірден ата-анаға ескертеміз. Мұндай кезде жазылмай 2-3 аптаға дейін созылуы мүмкін. Себебі ол жерде қабыну болды, қабыну болған жерде ұзақ жазылады. Егер баланың мүшесі жабық болса, бірден екі апта жазылу процесі жүретініне ата-ана дайын болуы керек. Қандай әдіспен сүндеттелсе де ол екі апта уақытқа дейін барады. Мүшенің бірінші шырышты қабаты түгел терісімен бірге алынып кетеді. Оны біртіндеп ашып, дайындап қою керек. Мынадай жағдайлар да болып жатады: мүше терінің ішінде тығылып тұрады. Ондай кезде сүндеттеуге болмайды. Кей дәрігерлер оны ескермей, сүндеттей береді. Ондай жағдайлар болған. Маған сондай жағдайдан кейін «көріп беріңізші» деп баласын алып келетіндер бар. Ота жасау керектігін айтамын. Бұл жағдайда ота жасап жатқанда тері жетпей жатады. Оған қосымша тері қосу керек болады. Сол үшін мүше терінің ішінде тығылып тұрса, сүндетке отырғызуға болмайды. Бірден ота жасау керек. Сонда балада комплекс пайда болмайды. Егер баланы сүндеттеп тастаса, мүше өте кішкентай болып, терінің ішінде тығылып тұрады. Кіші дәретке барған кезде қасындағы достары күлуі мүмкін. Балада комплекс пайда болады. Маған осы жағдай бойынша «балам далаға шықпаймын деп жатыр, мектепке бармаймын деп жатыр. Не істесек болады?» деген ата-аналар өте көп хабарласады. Ондай кезде ота жасаймыз. Бірақ балада өкінішке қарай комплекс қалыптасып қалған. Осындай жағдайға тап болмас үшін ертерек қамдану керек.

Баланы суға неше күннен кейін шомылдыру керек?

- Суға 3-4 күнен кейін, кішкене қатпарланғаннан кейін шомылдыра берсе болады. Балаларға арналған сабынмен жуындырса болады, сабынның өзі антисептик қой.

Бұл қызметтің құны қанша тұрады?

- Әркімде әрқалай. Менде балаларды сүндеттеу 20 мың теңге, үлкендерді сүндеттеу 25 мың теңге.

Осы уақытқа дейін неше бала қабылдадыңыз? Қанша баланы сүндетке отырғыздыңыз?

- Оның санын есептеп жатпайды екенмін. Еліміздің өзге өңірлеріне де барып тұрамын. Өкінішке қарай статситика жүргізбеппін. Өте көп. 2009 жылдан бастап балаларды сүндеттеп бастадым.

Кей баланы сүндеттеліп туған деп жатады, оларды уақыт өте келе сүндеттеу қажет пе?

- Ондай балаларды бірінші көру керек. Сүндеттеліп туды деген ол мүшенің басы ашылып туған болуы керек. Бірақ оларға сүндет жасату керек. Жалпы айтатыным, денсаулыққа немқұрайлы қарауға болмайды, ұл баланы дәрігерге көрсетіп тұрған дұрыс.

Уақыт бөліп, сұрақтарға толыққанды жауап бергеніңізге рахмет, ісіңізіге береке берсін!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы