Маман кеңесі. Криптовалютаға ақша құйған кезде нені білу керек

Криптовалюталар заманауи қаржы әлемінің ажырамас бөлігіне айналды және олардың танымалдығы күн сайын артып келеді. Дегенмен криптовалюталарға деген қызығушылықтың артуы жаңа бастаушы және тәжірибесіз инвесторларды алдауға тырысатын алаяқтарды да тартады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алаяқтардан сақтанудағы басты қағидалар қандай? Осы және білуіміз керек өзге де маңызды мәселелерді «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) Заң консультациялары бөлімінің аға заңгері Алмас Серікұлы айтып берді.

Криптоалаяқтардың құрбаны болып, құрықтарына түспеу және өз қаражатын қорғау үшін қарапайым инвесторлар криптовалюталармен жұмыс істеу кезінде бірнеше негізгі ережені сақтап, сақтық танытуы аса маңызды. 

  1. Инвестиция салғыңыз келетін цифрлық актив туралы талдау жасаңыз. Ең алдымен, криптовалюталар негіздерін түсініңіз. Блокчейн технологиясының қалай жұмыс істейтінін әрі криптовалюталардың қандай түрлері бар екенін түсіну сіздің мүдделеріңізді жақсырақ қорғауға көмектеседі. Криптовалюталар туралы неғұрлым көп білсеңіз, сізді алдау соғұрлым қиын болады. Жаңа криптовалюта жобаларына (ICO) инвестициялау қауіпті болуы мүмкін екенін есте сақтаңыз. Инвестиция жасамас бұрын жобаны және оның командасын мұқият зерделеңіз.
  2. Ақпарат дереккөздерін тексеріңіз. Криптовалюта әлемінде қандай да бір қаржылық шешім қабылдамас бұрын, сіз пайдаланып жатқан ақпараттың сенімді әрі расталғанына көз жеткізіңіз. Кейде алаяқтар тым қу, айлалы әдістерге жүгінеді. Мысалы, deepfake технологиясын (суретті бейнеге ауыстыру әдісі) пайдалана отырып, шабуылдаушылар атақты адамдардың атынан алаяқтық жобалар жасайды. Осылайша, өткен жылдың мамыр айында Илон Масктың атынан алаяқтар BitVex криптовалюта платформасын құрды. Платформаны жарнамалау үшін алаяқтар YouTube-ті пайдаланып, жалған Илон Маск BitVex-ке салған инвестициясы туралы айтатын бейнені орналастырды.
  3. Сенімді криптобиржалар мен әмияндарды таңдаңыз. Егер сіз криптовалюта сатып алып, оны сақтауды жоспарласаңыз, сенімді криптобиржалар мен әмияндарды таңдауыңыз қажет. Криптобиржаға ақша салмас бұрын, зерттеу жүргізіп, оның беделін тексеріңіз. Мысалы, алаяқтар кейбір телеграм каналдар арқылы адамдарды жалған алмастырғыштарға тартады. Онда алаяқтар адамдарға криптовалютарды жоғары бағамен сатуға уәде береді. Бірақ, шын мәнінде сату барысында алаяқтар ол криптовалютаны ұрлайтыны белгілі болды. Бұл жағдайда жалған алмастырғыштар .live, .kripta .shop алу-ақша домендерінде орналасқан. Сондықтан тек лицензиясы бар криптобиржалары арқылы сауда жасау ұсынылады. АХҚО-да лицензиясы бар криптобиржалардың тізімі AFSA веб-сайтында қолжетімді: 
  4. Фишингтен (ғаламтор қолданушысының құпия мәліметін алу әрекеті) сақ болыңыз. Кибералаяқтар сіздің жеке ақпаратыңызды немесе қаражатыңызды алуға әрекеттену үшін жалған электрондық хаттар жіберуі немесе жалған веб-сайттар жасауы мүмкін. Сілтемелерді ашқанда немесе желіде жеке ақпаратты енгізгенде абай болыңыз.

Мысалы, кейбір хабарламалар жақында сіздің есептік жазбаңызға қандай да бір мекен-жайдан және браузерден кіруге әрекеттенгенін көрсететін қауіпсіздік ескертуі болуы мүмкін немесе бұл криптовалюта әлеміндегі белгілі оқиғаларға арналған сауалнамаға қатысуға шақыру болуы ықтимал. Осы сауалнамаға қатысқан үшін алаяқтар жомарт сыйақы беруге уәде етуі ғажап емес.

Хабарламада сыйақы алудың егжей-тегжейлі шарттары (берілген платформадағы транзакциялардың белгілі бір саны), шамадан тыс жоғары емес, бірақ өте тартымды сома көрсетілуі мүмкін. Мұның бәрі хабарламаны шындыққа жанасатындай көрсету үшін жасалады.

  1. Жылдам байыту туралы уәделерге сенбеңіз. Егер біреу сізге криптовалюталық инвестициядан тез және оңай пайда табуға уәде берсе, сақ болыңыз.
    Ресми деректерге сәйкес, криптовалюталарға салынған инвестициялар туралы жарияланымдардың 40%-дан астамы алаяқтық болды. Пайдаланушыларды өз ресурстарына тарту үшін алаяқтар «Қаржылық табысқа апаратын жол», «Қаржылық еркіндік», «Интеллектуалдық инвестициялар», «Криптобайлық» және «Табыс кепілдігі» сияқты арандатушы әрі қызықтырушы тақырыптарды пайдаланды. Веб-сайттар мен әлеуметтік желілердегі мазмұнның негізгі түрлеріне криптовалютадан ақша табу, криптовалюта активтеріне инвестициялау ұсыныстары, инвесторлар топтары мен арналарының жарнамасы, әртүрлі платформалардың жасырын жарнамасы, сондай-ақ крипто-әмияндарды жарнамалау, жеңілдіктер бойынша оқыту курстары кірді.

Криптовалютаға инвестициялар, басқа активтер сияқты, тәуекелдермен байланысты. Сондықтан, бұған ешкім кепілдік бере алмайтынын еске сала кетейік.

  1. Ешқашан жеке кілттеріңізді ешкіммен бөліспеңіз. Жеке кілтке қол жеткізген кез-келген адам сіздің криптовалютаңызбен транзакциялар жасай алады және оны ұрлай алады. Мысалы, алаяқтар тегін криптовалюталарды (Bitcoin, Ethereum, Litecoin, Tron, Ripple) алуды ұсынатын хаттар жібереді. Тегін крипто және «жарнама» веб-сайтына сілтеме алғысы келетіндер үшін қарапайым үш нүктелік нұсқаулық болады және сілтеме арқылы өтуді сұрайды. Дегенмен ең күдіктісі, жіберушінің электрондық пошта мекенжайындағы домен ешбір криптоға қатысты емес. Фишинг сайты әмиянды таңдауды және ұтыстарыңызды алу үшін құпия сөзді енгізуді сұрайды. Кездейсоқ деректерді енгізсеңіз де, сайт сәтті транзакция туралы хабарлайды, бірақ іс жүзінде алаяқтар пайдаланушының нақты құпия деректерін алуға және оны криптовалюталарынан айыруға тырысады. Мұндай алаяқтық схемалардан сақ болыңыз.
  2. Әр есептік жазбаға күшті құпия сөздерді қолданыңыз. Құпия сөздерді жасау кезінде адамдар мәдени тәжірибелерден, өмір салты үрдістерінен немесе спорт әрі сән болсын, соңғы оқиғалардан шабыт алады. Мысалы, кәсіпқой спорт командаларының атаулары, адамдардың аттары, туған күндері, тұратын мекенжайлары немесе олардың басқа да нұсқалары. Соңғы жылдары кибер қауіпсіздік жиі айтылып жүргенімен, кейбір әлсіз парольдер ұзақ жылдар бойы әлі қолданыста. Мысалы, зерттеулер бойынша мына таңбалар өте көп пайдаланылады: guest, 123456, password, 12345, a1b2c3, 123456789, Aa12345, qwerty, baseball, football, unknown, soccer, jordan23, iloveyou.

Сіздер үшін қарапайым ақыл:

  • Әртүрлі тіркелгілер үшін бір құпия сөзді пайдаланбаңыз;
  • күрделі автоматты түрде жасалған құпия сөздерді пайдаланыңыз;
  • құпия сөздерді үнемі жаңартып отырыңыз, әсіресе құпия тіркелгілер үшін;
  • қоғамдық Wi-Fi-ды, әсіресе қаржылық транзакциялар үшін пайдаланбаңыз.

Бұл бұзудың алдын алуға көмектеседі.

  1. Алаяқтық туралы хабарлаңыз. Егер сіз криптоалаяқтықтың құрбаны болсаңыз немесе күдікті әрекетті байқасаңыз, бұл туралы құқық қорғау және реттеуші органдарға хабарлаңыз. Мысалы, егер сіз біреу AFSA берген лицензияның бар екендігі туралы мәлімдеп жатқанын, бірақ іс жүзінде АХҚО-да лицензияланған компания болып табылмайтынын анықтасаңыз, онда сіз бұл туралы онлайн және пошта арқылы хабарлай аласыз (https://afsa.aifc.kz/kz/submit-your-complaint). АХҚО-да лицензиясы бар криптобиржалардың тізімін мына сілтеме арқылы тексере аласыз: https://publicreg.myafsa.com/.
  2. Криптовалютаға инвестиция салғанда абай болыңыз. Криптовалютаға инвестиция салу пайдалы болуы мүмкін, бірақ олар жоғары тәуекелдермен де байланысты екенін ұмытпаған абзал. Алаяқтар жалған криптовалютаны белсенді түрде пайдаланады, жәбірленушілерді жіберілген соманы екі есе көбейту мүмкіндігі туралы жарнамалармен тартады. Олар мұндай алаяқтық ұсыныстарды әлеуметтік желілер мен форумдарға жариялайды. Мысалы, 2020 жылы алаяқтар YouTube сайтында алдамшы бейнелерінде Apple компаниясының негізін қалаушы Стив Возняктың атын қолданып, пайдаланушыларды криптовалюта жіберуге сендіру үшін екі есе көп қайтаруға уәде берген болатын.

Осы ережелерді сақтау сізге криптоалаяқтардың құрбаны болу қаупін азайтуға және криптовалюталық қорларыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Қаржылық әрекеттеріңізде сергек және саналы болыңыз, сонда сіз криптовалюталардың артықшылықтарын қауіпсіз әрі сенімді түрде пайдалана аласыз.

Еске сала кетсек, «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында криптовалюталарды (қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді) шығаруға және олардың айналымына, сондай-ақ қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер бойынша цифрлық активтер биржаларының қызметіне тыйым салынады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы