Маман бала құқықтарының бұзылуы мен суицид себептерін айтты
Маңғыстау облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Тілектес Болатбаева бала құқығы қандай жағдайларда бұзылатынын айтып, оны суицидке апаратын себептерге тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бала құқығы қалай бұзылады?
Әрбір бала дүниеге келген соң өз отбасында тұрып, тәрбиеленуге құқы бар. Ата-анасы – баласына қорғаушы. Сондықтан ата-ана оған жақсы тәрбие беріп, денсаулығына мән беріп, оқытып, керегімен қамтамасыз етуге міндетті, - деп бастады сөзін маман.
Тілектес Болатбаеваның тәжірибесіне сүйенсек, баланың құқығын ең жиі бұзатын да өз ата-анасы екен.
Баланың құқығын бұзу көбінесе ата-анасы тарапынан болады. Ең жиі кездесетін жағдайды айтайын. Ата-анасы ажырасқан кезде соттың шешімімен балаларды анасының тәрбиесіне бергенде сот әкесінің де балаларын көріп тұруына құқылы екенін айтады. Бірақ көп аналар балаларын әкесіне, ата-әжесіне көрсеткісі келмей, балалардың құқығын бұзады, - дейді маман.
Тілектес Болатбаева әкесінің не анасының баласын ұрып-соғуы да баланың құқығын бұзып, денсаулығына нұқсан келтіретінін айтты.
Баланың құқығы оған мектепте буллинг, әлімжеттік жасалған кезде де бұзылады. Сондай-ақ дамуы шектеулі балалар өз қатарластарымен бірге оқып, бір мектепке барып, бір сыныпта отыруға құқылы. Ол заңда көрсетілген. Бірақ көбінесе ата-аналар балаларымен бірге бір сыныпта ондай баланың оқуына қарсы болады. Сол кезде дамуы шектеулі баланың да құқығы бұзылып, дұрыс білім алуына кедергі туады, - деді ол.
Маман бала ауырып, жоғары дене қызуымен ауруханаға келіп тұрған кезінде оған орын жоқ деп айту, қабылдамау сияқты құқықбұзушылықтар да кездесетінін жеткізді.
Балалар далада серуендеп не алаңқайда ойнап жүрген кезінде ересек адамдар келіп, оларға “ойнама, кет, айқайлама, шулама” деп қуып жіберетін кездері де кездеседі. Ол да балалардың құқығын бұзу болып саналады, - деді Болатбаева.
“Суицидке баланы күйзелісі әкеледі”
Тілектес Болатбаева ата-ана мен баланың қарым-қатынасы балалар суицидінің алдын алатынына сенеді.
Көптеген ата-ана өзінің балаларының немен айналысатынын, қызығушылығын, достары кім екенін, қандай мәселесі барын, сыныптастарымен қарым-қатынасы қандай екенін, қандай кино көруді ұнататынын білмейді. Ал суицидке баланы күйзелісі әкеледі, - дейді ол.
Маман суицидке материалдық жағдай да себеп болуы мүмкін екенін атады.
Баланың жағдайын жасай алмайтын ата-аналар өте көп. Достарынан қалып бара жатқаны да оның күйзелісін тудыруы мүмкін. Кей кезде мектепте ұшыраған буллингі мен кемсіту, кейде қасындағы құрдастарының оны түсінбеуі күйзеліске әкеледі. Осы кезде баланың қасында сөйлесетін, сырласатын, мәселесін айтып беретін адамдар болмайды, - дейді ол.
Тілектес Болатбаева баланың күйзелісте жүргенін, мінезі өзгергенін, адамның көзіне тік қарамайтынын бірінші кезекте үйдегі анасы байқап, баласымен сөйлесуі керегін айтты. Болмаса, мектеп пен емханалардағы психологқа апарып, баласын ашып, күйзелісінің себебін анықтаудың маңызын түсіндірді.