Малын бақылаусыз жайған 25 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Құдияр Нұрсейітов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, елімізде мал ұрлығы – өте өзекті мәселелердің бірі.
Бұл тақырып халық арасында да жиі талқыланады. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарында да осы мәселе жиі көтеріледі. Айта кету керек, көбінесе еркін жайылымда жүрген мал басы жиі ұрланады. Себебі, жайылымда жүрген мал ұзақ уақыт қараусыз қалады. Жалпы, мал ұрлығының 56,6% осы еркін жайылымда жасалады, - деп атап өтті аға жедел уәкіл Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.
Осыған байланысты, мал ұрлығына қарсы күресте тұрақты негізде алдын алу шаралары қабылдануда.
Мәселен, ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, 2020 жылғы сәуірде ауыл шаруашылығы жануарларын жаю жөнінде қағидалар әзірленді. Осы қағидаға сәйкес ауыл шаруашылық малдарын бақылаусыз жаюға тыйым салынады. Осы көрсетілген ережелерді бұзғандарға ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Биыл мұндай құқық бұзушылықтар үшін 25 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді Құдияр Нұрсейітов.
Белгілі болғандай, мал ұрлығын анықтау және жолын кесу мақсатында ведомтво ветеринариялық бақылау және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерімен бірге жүйелі түрде жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізеді.
Өткен аптада ІІМ-мен 28-30 қараша аралығында кезекті «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы ұйымдастырылды. Оған 4 мыңнан астам полиция қызметкері және ауыл шаруашылығы және ветеринариялық бақылау басқармаларының 327 маманы жұмылдырылды, - деді ол.