Малкольм Хоэнлейн: Адамдарды біріктіру – діни лидерлердің басты міндеті
Астанада өтіп жатқан XVIII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі тек дінаралық диалогты ғана емес, адамзат алдында тұрған жаһандық сын-қатерлерді де талқылауға арналған алаңға айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Форумға қатысушылардың бірі, діни қайраткер Малкольм Хоэнлейннің айтуынша, мұндай деңгейдегі кездесулердің басты мақсаты – әлемге өзара ынтымақтастық пен құрметтің үлгісін көрсету.
Біз бұл жерден өзара айырмашылықтарымызды емес, ортақ құндылықтарымызды көбірек түсінумен шығамыз деп сенемін. Әлемге әсер етіп отырған түрлі дағдарыстармен, қоғамды күйрететін дерттермен және топтар арасындағы өшпенділікпен бірлесе күресудің жолдарын таба аламыз, – деді ол.
Хоэнлейннің пікірінше, бүгінде адамдарды біріктіруде рухани көшбасшылардың жауапкершілігі ерекше маңызға ие.
Діни көшбасшылардың рөлі – осы қатерлердің алдын алу, отты сөндіру және адамдарды қайтадан біріктіру. Біз бәріміз бірдей емеспіз, бірақ айырмашылықтарымызды қадірлеп, келер ұрпақ үшін ортақ игілікке жұмыс істеуіміз қажет, – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар ол Қазақстан форумының атмосферасын ерекше құбылыс деп бағалады.
Әдетте біз қандай да бір келіспеушіліктерге байланысты немесе даулы мәселелерді талқылау үшін жиналамыз. Ал бұл жерде біз бір-бірімізді тыңдау, бір-бірімізден үйрену және, үміттенемін, бірге әлемді жақсарту үшін бас қосып отырмыз, – деді Хоэнлейн.
Белгілі болғандай, Қазақстанда 4 мыңға жуық діни бірлестік бар.