Мәлімдемеден нақты іске: Қазақстан Азиядағы қауіпсіздікті нығайтуды қалай ұсынады?
Бакуде өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VII саммиті аймақтық дипломатияның қақтығыстардың салдарын талқылаумен ғана шектелмей, олардың алдын алуға қаншалықты қауқарлы екенін тағы да күн тәртібіне шығарды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ниет туралы декларациялар дәуірі аяқталып келе жатқанын айтып, қауіпсіздікті нығайтудың нақты тетіктерін ұсынды.
Мәселенің ауқымын Мемлекет басшысы келтірген деректерден-ақ аңғаруға болады: 2025 жылы 20 қарулы қақтығыста 37 мыңнан астам бейбіт тұрғынның қаза тапқаны расталған. 117 миллионнан астам адам мәжбүрлі түрде босқынға айналып, тағы 266 миллион адам азық-түлік тапшылығын сезініп отыр. Ал АӨСШК-ге қатысушы мемлекеттер әлем халқының жартысынан астамын біріктіріп, Азия аумағының шамамен 90 пайызын қамтиды.
1992 жылы Кеңесті құру бастамасын көтерген Қазақстан бүгінде оны толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруды көздеп отыр. Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев алдын алу дипломатиясының тетігін, көлік байланысын дамыту стратегиясын, Су серіктестігін және адами капиталды дамыту бағдарламаларын ұсынды. Жасанды интеллект мәселесіне де ерекше назар аударылды. Президент оны АӨСШК қызметінің алтыншы өлшемі ретінде енгізуді ұсынып, суперинтеллект жөніндегі Вашингтон келісімін БҰҰ аясындағы халықаралық шарттың ықтимал негізі ретінде құптады.
Сапардың нақты нәтижелерінің қатарында Қазақстан мен Әзербайжанның ұзындығы 380 шақырымдық Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосуы және Орта дәлізді дамыту туралы келісімге қол қоюы бар.
Бұл бастамалардың Қазақстанның көпвекторлы саясатымен қалай ұштасатыны және қандай нәтиже беруі мүмкін екені туралы біз Narxoz университетінің Негізгі және пәнаралық бағдарламалар мектебінің қауымдастырылған профессоры, PhD дәрежесінің иегері Ермек Тоқтаровпен сұхбаттастық.
- Қазақстан осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын АӨСШК құру бастамасын көтерді. Бакудегі саммитте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев декларациялар дәуірінің аяқталып келе жатқанын айтып, халықаралық институттарды нығайтуға шақырды. Бұл дипломатиялық ұстанымның сабақтастығы неде және АӨСШК-нің қайта құрылуы Қазақстанның халықаралық аренадағы рөліне қалай әсер етуі мүмкін?
- Меніңше, бұл жұмыстың стратегиялық маңызы ең алдымен Қазақстанның отыз жыл бойы өз бастамасын жүйелі түрде дамытып, оны Азиядағы ең ауқымды диалог алаңдарының біріне айналдыруында.
АӨСШК құру идеясын еліміз 1992 жылы ұсынған болатын. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы құрылымның алдына бұдан да ауқымды міндет қойып отыр. Ол тек қауіпсіздік мәселелерін талқылайтын алаң болып қалмай, оларды шешудің нақты тетіктерін ұсына алатын толыққанды халықаралық ұйымға айналуға тиіс.
Бұл ретте Азия аймағының ерекшеліктерін ескеру маңызды. Еуропадан айырмашылығы, Азияда қауіпсіздіктің бірыңғай әрі жан-жақты жүйесі жоқ. Сонымен қатар құрлықта әлемдегі ең ірі экономикалар шоғырланған, көптеген аумақтық және саяси қайшылықтар бар, жетекші державалардың мүдделері тоғысады. Мұндай жағдайда саяси ұстанымдары әртүрлі мемлекеттер арасында тұрақты диалог жүргізу мүмкіндігінің өзі ерекше құнды.
Тағы бір маңызды жайтты атап өтер едім. Қазақстан қолданыстағы халықаралық институттарға балама құрылым құруды ұсынбайды. Керісінше, ортақ мүдделер төңірегінде мемлекеттерді біріктіре алатын қосымша алаңды дамытуды көздейді. Бұл еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатына толық сәйкес келеді.
Қазақстанның халықаралық беделі тұрғысынан алғанда, еліміздің халықаралық үдерістерге сенімді қатысушы ғана емес, институционалдық өзгерістерді ұсынатын жауапты бастамашы ретінде танылуы да принципті маңызға ие.
Бұл – дипломатиялық ықпалдың сапалық тұрғыдан жаңа деңгейі. Егер мемлекет басқа елдер қолдайтын ынтымақтастық ережелері мен тетіктерін ұсына алса, өз мүдделерін ілгерілетуге қосымша мүмкіндік алады.
Сондықтан Президент Тоқаевтың АӨСШК-ні қайта құру бағытындағы жүйелі жұмысын Қазақстанның халықаралық дербестігі мен ықпалын арттыруға салынған ұзақмерзімді инвестиция деп бағалаймын. Оның нәтижесін қабылданған декларациялармен ғана емес, ұсынылған тетіктердің іс жүзінде қаншалықты тиімді жұмыс істейтінімен де өлшеу қажет.
- Президент Тоқаев АӨСШК аясында алдын алу дипломатиясының тетігін құруды ұсынды. Қазіргі қақтығыстар тәжірибесі дағдарыстар ушықпай тұрып, олардың алдын алудың қажеттігін қаншалықты дәлелдейді? Бұл бастаманы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді құралына айналдыру үшін қандай практикалық тетіктер қажет?
- Мемлекет басшысы ұсынысының басты ерекшелігі – туындаған қақтығыстарға жауап берумен шектелмей, олардың пайда болуына әкелуі мүмкін жағдайлардың алдын алуға ұмтылу.
Алдын алу дипломатиясы халықаралық қатынастар үшін жаңа ұғым емес. Мұндай тәсілдер БҰҰ жүйесінде және бірқатар аймақтық ұйымдарда бұрыннан қолданылып келеді. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы АӨСШК аясында Азия аймағының ерекшеліктерін ескеретін арнайы тетік құруды көздеуімен маңызды.
Қазіргі халықаралық тәжірибе келіспеушіліктерді дер кезінде реттей алмаудың қаншалықты қымбатқа түсетінін көрсетіп отыр. Қарулы қақтығыс басталғаннан кейін ымыраға келу мүмкіндігі айтарлықтай азаяды, саяси және экономикалық шығындар артады, ал жанжал көршілес мемлекеттерге де таралуы мүмкін.
Алдын алу дипломатиясы бұдан ертерек әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл жүйелі консультациялар жүргізуді, туындап келе жатқан қауіптер туралы ақпарат алмасуды, қақтығыс жағдайларын сараптамалық бағалауды, делдалдық мүмкіндіктерді пайдалануды және тұрақты байланыс арналарын құруды қамтуы мүмкін.
Меніңше, мұндай тәсілдің басты артықшылығы – оны іске қосу үшін саяси кедергінің салыстырмалы түрде төмен болуы. Мемлекеттердің қарым-қатынасы ашық шиеленіскеннен кейін келіссөз үстеліне отырудан гөрі, алдын ала консультациялар өткізуге келісуі әлдеқайда оңай.
Әрине, бұл тетіктің тиімділігі қатысушылардың саяси ерік-жігеріне, ортақ рәсімдердің болуына және мемлекеттердің бір-біріне сенуге дайындығына байланысты.
АӨСШК мемлекеттер арасындағы барлық қайшылықты өздігінен жоя алмайды. Дегенмен ұйым олардың ушығуына жол бермеудің қосымша мүмкіндіктерін қалыптастыра алады.
Бастаманың практикалық құндылығы да осында. Қазақстан дипломатияны тек қақтығыстарды реттеу құралы ретінде емес, халықаралық дағдарыстардың алдын алуға бағытталған тұрақты жұмыс істейтін жүйе ретінде қарастыруды ұсынып отыр.
- Бес бағытпен жұмыс істеп келе жатқан АӨСШК қызметіне алтыншы өлшем ретінде жасанды интеллектіні қосу ұсынысы саммиттегі елеулі бастамалардың бірі болды. Президент суперинтеллектіні халықаралық деңгейде реттеу мәселесін де қолдады. Қазір қандай қауіптер бірлескен шешімдерді қажет етеді және Қазақстан цифрлық қауіпсіздік ережелерін қалыптастыруға қандай үлес қоса алады?
- Президенттің АӨСШК-нің қолданыстағы бес өлшеміне жасанды интеллектіге арналған алтыншы бағытты қосу туралы ұсынысын саммиттің ең перспективалы бастамаларының бірі деп санаймын.
Біз халықаралық қауіпсіздікті көбіне әскери, саяси немесе экономикалық тұрғыдан қарастыруға үйренгенбіз. Алайда технологиялардың дамуы қауіпсіздік ұғымының өзін өзгертіп жатыр.
Бүгінде жасанды интеллект алгоритмдері мемлекеттік басқаруда, қаржы жүйесінде, ақпараттық инфрақұрылымда және қорғаныс саласында қолданылады. Демек, мұндай технологияларды пайдаланудағы қателіктер, оларды теріс мақсатта қолдану немесе бақылаусыз енгізу бір мемлекеттің шеңберінен шығатын қауіптерге әкелуі мүмкін.
Әсіресе кибершабуылдар, жалған ақпараттың автоматтандырылған түрде таралуы, қоғамдық пікірді манипуляциялау үшін жасанды интеллектіні пайдалану және әскери салада автономды жүйелерді қолдану күрделі мәселелер туындатады.
Сонымен бірге халықаралық реттеу тетіктері технологиялық өзгерістердің қарқынына ілесе алмай отыр.
Сондықтан Қазақстанның ұсынысы дер кезінде көтерілді деп есептеймін. Президент XXI ғасырда мемлекеттер арасындағы сенімді цифрлық технологияларды қолдану жөніндегі ортақ тәсілдерсіз қамтамасыз ету мүмкін емес екенін іс жүзінде мойындауды ұсынып отыр.
Бұл Қазақстан үшін де қосымша мүмкіндік ашады. Еліміз қазірдің өзінде цифрлық трансформацияға және жасанды интеллектіні дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді.
БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы – ЭСКАТО аясында Алматыда Тұрақты даму жөніндегі цифрлық шешімдердің Азия-Тынық мұхиты орталығының құрылуы да халықаралық сараптамалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ете алады.
Осы негізде Қазақстан жасанды интеллектіні жауапты пайдаланудың ортақ қағидаттарын әзірлеуге, цифрлық қауіптер туралы ақпарат алмасу тетіктерін құруға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және мамандар даярлау бағдарламаларын дамытуға бастамашы бола алады.
Сонымен бірге жасанды интеллектіні реттеудің әмбебап ережелерін өз бетінше қалыптастыруды мақсат етудің қажеті жоқ. Одан гөрі мазмұнды халықаралық диалогты ұйымдастырушы ретінде әрекет етіп, кейіннен кең ауқымды халықаралық келісімдерде қолдануға болатын нақты шешімдер ұсыну әлдеқайда шынайы.
Меніңше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымының көрегендігі де осында. Қазақстан технологияларды пайдалану ережелері енді қалыптасып жатқан кезеңде-ақ болашақтың мәселелерін талқылауға қатысуға ұмтылады.
- Бакуде ұсынылған АӨСШК-нің Көлік байланысын дамыту стратегиясы Орта дәлізді, Солтүстік – Оңтүстік бағытын және басқа да маршруттарды біріктіреді. Сонымен қатар Қазақстан мен Әзербайжан Транскаспий байланыс желісін іске қосты. Бұл қадамдар Қазақстанның ұзақмерзімді экономикалық стратегиясын қаншалықты көрсетеді және елге қандай артықшылықтар әкелуі мүмкін?
- Президенттің АӨСШК-нің Көлік байланысын дамыту стратегиясын әзірлеу туралы ұсынысы Қазақстанның нақты экономикалық мүдделерін және Еуразиялық ынтымақтастықтың болашағына қатысты көзқарасын көрсетеді.
Қазақстанның географиялық орналасуы дәстүрлі түрде әрі артықшылық, әрі шектеу ретінде қарастырылып келді. Еліміз Еуразияның ірі экономикалық орталықтарының арасында орналасқанымен, Дүниежүзілік мұхитқа тікелей шыға алмайды. Халықаралық көлік дәліздерін дамыту осы ерекшелікті біртіндеп бәсекелік артықшылыққа айналдыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы ұсынған тәсілдің маңызды тұсы – Орта дәлізді, Солтүстік – Оңтүстік бағытын және басқа да көлік бағыттарын өзара байланысқан Еуразиялық инфрақұрылымның құрамдас бөліктері ретінде қарастыру.
Қазақстан үшін бұл тәсілдің маңызы ерекше. Елімізді сыртқы нарықтармен байланыстыратын сенімді бағыттар неғұрлым көп болса, ұлттық экономиканың халықаралық дағдарыстар мен логистикалық тізбектердегі үзілістерге төзімділігі соғұрлым жоғары болады.
Бұл ретте Әзербайжанмен ынтымақтастықтың орны бөлек. Біздің елдер Каспий теңізінің екі жағында орналасқан және транскаспийлік тасымалдарды дамытуға мүдделі.
Ақтау, Құрық және Баку порттарының мүмкіндіктерін кеңейту, көлік рәсімдерін үйлестіру, логистиканы цифрландыру және оған ілеспе инфрақұрылымды дамыту өзара экономикалық пайда әкелуі мүмкін.
Бұған қоса, ынтымақтастық жүк тасымалымен ғана шектелмейді. Қазақстан мен Әзербайжан энергетикалық және цифрлық байланыстарды дамытуға да мүдделі. Атап айтқанда, Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің іске қосылуы әріптестіктің кешенді сипат алып келе жатқанын көрсетеді.
Меніңше, басты стратегиялық нәтиже тек транзит көлемінің артуында емес. Қазақстан логистикалық орталықтарды, өңдеу өндірісін, көлік қызметтерін және ел ішінде қосымша құн қалыптастыратын басқа да салаларды дамытуға мүмкіндік алады.
Алайда бұл үшін көлік ағынының өсуімен қатар инфрақұрылымды жаңғырту, шекарадан өту уақытын қысқарту және тарифтік саясатты үйлестіру қажет.
Сондықтан Президент бастамасының мәні жекелеген бағыттарды дамытудан әлдеқайда терең. Әңгіме Қазақстан Еуразиядағы негізгі көлік және логистика тораптарының бірі ретінде орныға алатын экономикалық жүйені қалыптастыру туралы болып отыр.
- Дәстүрлі қауіпсіздік мәселелерімен қатар Қазақстан АӨСШК аясында Су серіктестігін құруды және адами капитал саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды. Су ресурстары, білім мен ғылым неліктен халықаралық тұрақтылық факторына айналып отыр? Бұл бастамалар Қазақстанның XXI ғасырдағы Азияны дамытудағы рөліне қалай әсер етуі мүмкін?
- Меніңше, Мемлекет басшысының су қауіпсіздігі, білім және ғылым мәселелеріне назар аударуы халықаралық қауіпсіздік ұғымының өзі өзгеріп келе жатқанын көрсетеді.
Дәстүрлі түрде қауіпсіздік ең алдымен әскери қатерлермен және саяси қақтығыстармен байланыстырылатын. Алайда қазіргі сын-қатерлер табиғи ресурстардың тапшылығы, климаттың өзгеруі, технологиялық теңсіздік және адами капиталдың жеткіліксіз дамуы да халықаралық тұрақсыздыққа елеулі алғышарт қалыптастыра алатынын көрсетіп отыр.
Бұл Орталық Азия үшін аса өзекті. Аймағымызда мұздықтардың азаюы, суға деген сұраныстың артуы және трансшекаралық су ресурстарын келісіп басқару қажеттілігі байқалады.
Сондықтан АӨСШК аясында Су серіктестігін құру туралы ұсыныстың практикалық маңызы зор. Мұндай серіктестік су үнемдеу технологияларымен алмасуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге, мамандар даярлауға және су ресурстарын басқарудың тиімді тәжірибелерін таратуға арналған алаң бола алады.
Қазақстан үшін бұл ынтымақтастықты кеңейтіп, өзекті экологиялық мәселелерді шешуге халықаралық сарапшыларды тартуға да мүмкіндік береді.
АӨСШК аясында адами капитал саласындағы серіктестікті құру бастамасы да маңызды. Қазақстанның Кеңеске мүше мемлекеттердің студенттеріне стипендия, ғалымдарға зерттеу гранттарын ұсынуға дайын болуы ерекше назар аударуға тұрарлық.
Президент қауіпсіздік пен сенімді нығайту саласындағы ғылыми-зерттеу стипендиялық бағдарламасын 2027 жылы іске қосу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Мен мұны перспективалы бағыт деп санаймын. Өйткені тұрақты халықаралық ынтымақтастық тек үкіметтер деңгейінде қалыптаспайды.
Ғалымдар, оқытушылар, жас зерттеушілер және болашақ басқарушылар арасындағы кәсіби байланыстар да маңызды рөл атқарады. Бірлескен білім беру және зерттеу бағдарламалары елдер арасындағы өзара түсіністікті ұзақмерзімді негізде нығайтуға жағдай жасайды.
Бұған қоса, Қазақстанның осындай ынтымақтастыққа қажет ғылыми және білім беру әлеуеті бар. Отандық университеттер мен зерттеу ұйымдарының халықаралық бағдарламаларға қатысуы академиялық байланыстарды кеңейтіп, олардың аймақтық ортақ мәселелерді шешуге белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Осылайша, Президент Тоқаевтың бастамалары қауіпсіздікті кеңірек түсінуге жол ашады. Бұл ұғымда саяси тұрақтылық өмір сапасымен, ресурстарға қолжетімділікпен, білім мен технологияның дамуымен тығыз байланысты.
Меніңше, дәл осындай тәсіл Қазақстанның Азиядағы ынтымақтастықтың ұзақмерзімді басымдықтарын айқындаудағы рөлін арттыра алады.
Мұнда әңгіме тек дипломатиялық бедел туралы емес. Қазақстанның отандық ғылымын, білім беру жүйесін және экономикасын дамытуға жол ашатын нақты мүмкіндіктер де бар.