Малдың 95%-ы әлі де есіктің алдында сойылады: Депутат ұсыныс жасады
Елімізде малдың 95 пайызы әлі де далада, есіктің алдында сойылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қайта өңдеу тақырыбы бойынша бір ғана сұрақ қойылады: “Қаншама кәсіпорын бар. Олардың бәрі жұмыс істемей, өз қуаттылығына жетпей, бос тұр. Неге?”, - деп айтып, депутат оның бірнеше себебін атады.
Біріншіден, мал сою бекеттерінің жоқшылығы.
Өздеріңіз білесіздер, мал соятын үш жер бар. Біреуі үлкен мекемелер, қайта өңдеу кәсіпорындары. Ол жерде барлық процесс заманауи технологияға сәйкес жүргізіледі. Екіншіден, мал сою бекеттері және мал сою алаңдары бар. Міне, енді бүгінгі таңда далада, есік алдында мал сою - қайта өңдеу саласының дамымай тұрғанының себебі, - деді Баққожаев.
Оның айтуына қарағанда, 2023 жылы 260 мыңға жуық қана мал басы сою бекеттерінде сойылған.
Демек, малдың 95 пайызы әлі де далада, есіктің алдында сойылады деген сөз. Кезінде әрбір ауылға осындай жағдай жасап, мал сою бекеттерін құрамыз деген еді. Ол бағдарлама ұмыт болды. Міне 20 жыл болды, баяғы жартас сол жартас. Сол себепті бірінші кезекте әрбір ауданда халыққа да, шаруаларға да мүмкіндік беретін заманауи технологияларға сай, терісі де дұрыс алынатын, ішек-қарны да дұрыс өңделетін мал сою бекеттерін құру керек деп есептеймін, - деп ұсыныс айтты депутат.