Малайзия мен Қазақстан ынтымақтастықты дамытады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Куала-Лумпур қаласында Қазақстанның Малайзиядағы елшісі Болат Иманбаевтың Малайзия ауылшаруашылығы және агроөндіріс министрі Салахуддин Аюбпен кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіптік, халал индустрия, екіжақты сауда-саттық және инвестициялық салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту және оның болашағы жайлы мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, Қазақстан Орталық Азия мен ЕАЭО нарығында малайзиялық тауарларды дистрибуциялау үшін хаб ретінде үлкен қызығушылық танытатыны атап өтілді.

Сонымен бірге, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының бастамасымен ИЫҰ аясында ашылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (АҚИҰ) жұмысына Куала-Лумпурдың қатысуы агроөндірістік саладағы екіжақты және көпжақты әріптестіктің дамуына жаңаша қарқын беретіндігіне тоқталды.

Аталмыш ұйым аясындағы ынтымақтастық түрлі бағытты қамтитындығын және жаңа технологияларды енгізу мен инновациялық өзгерістерге, қажетті гуманитарлық және шұғыл көмек көрсетуге, мүше елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауыл шаруашылық ресурстары мен қаржыларды тиімді пайдалануға оң ықпалын тигізетіндігін атап өтті. Осыған байланысты, Малайзияның АҚИҰ жұмысына қосылу мәселесін қарастыру ұсынылды, - делінген ақпаратта.

Өз кезегінде министр агроөндіріс саласында Қазақстанмен ынтымақтастық орнатудың басымдылықтарына оң бағасын бере отырып, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі әлемдік деңгейде өзекті екендігін, сондай-ақ өз елінің бұл мәселеге ерекше назар аударғанын атап өтті. Министр ұйымның қызметі осы бағытта маңызды қадам болып табылатынын және малайзиялық тараптың осы ұйымның жұмысына үлкен қызығушылық танытып отырғанын және АҚИҰ-ның келесі Бас Ассамблеясына бақылаушы ретінде қатысуға дайын екенін атап өтті.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы