Мальта коронавирусқа қарсы екпе салдырмағандарды елге кіргізбейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 14 шілдеден бастап Мальтаға тек COVID-19-ға қарсы екпе алған саяхатшылар ғана кіре алады. Оның өзі аталған елде рұқсат етілген препараттармен егілгендер болуы тиіс деп хабарлады rbc.ru.

Мальта Еуропа елдерінің ішінде алғашқы болып коронавирустың таралуымен күресу үшін вакцинацияланбағандарға шекарасын ашпайтын мемлекет атанғалы отыр.

Елдің денсаулық сақтау министрі Крис Ферн барлық саяхатшылар Мальтада рұқсат етілген вакцинаны салдырғандары туралы сертификаттарын көрсетуге міндетті болатындығын жеткізді. Бір айта кететін жайт, қазақстандықтар салдырып жатқан вакциналар Мальта мемлекетінде қолдау тапқан препараттар тізіміне енгізілмеген.

Шетел асып кеткісі келетін Мальтаның тұрғындары үшін жаңа ережелер бекітілді. Дәл қазір елінен жырақта жүрген мальталықтар елдеріне ораларда карантиннен өтуге міндетті. Осы мемлекеттің шекарасын аттайтын балалар коронавирусқа ПТР-сынамасының теріс нәтижесін көрсетулері тиіс.

Мальтада соңғы он күн ішінде індет жұқтырғандар саны бес есеге артқан. Ферннің айтуынша, ауру жұқтырғандардың көбі шетелге, әсіресе, ағылшын тіл мектептері арқылы оқуға барып келушілер екендігін алға тартты. Осыған байланысты тіл мектептерін жабу туралы шешім қабылданыпты. Ал ауырып жатқандардың 90%-ы екпе алмағандар болып шықты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы