Мал дәрігерлері вакцинацияны қойып, киік өлекселерін жинап жүр – депутат
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Мұқадес» шаруа қожалығының басшысы Ақылбек Сағитов киік жыл сайын күрделі мәселеге айналып бара жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, БҚО-да 7 аудан киік шоғырланатын мекенге айналған. Мысалы, 2023 жылы 1,6 млн-нан аса болса, 2024 жылы киік саны 2,3 миллионға жеткен. Биыл санақ жүріп жатыр, бірақ болжам бойынша 4 млн-нан асады.
Шынын айтқанда, қазір шаруалар киікті қайда айдау керегін білмей отыр. Киіктер барлық шеңберден шығып кеткен. Себебі еді мекендер зардап шегіп жатыр. Ауылдар шекаралас аумақта орналасқан. Ол жерде ауыл тұрғындары тек мал шаруашылығымен күн көріп отыр. Басқа табысы жоқ, - деп айтты мәслихат депутаты.
Айтуынша, республика бойынша БҚО-да етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара малдың 40 пайызы шоғырланған. 2024 жылы 4 ауданған 4,2 млрд теңге қаржы бөлініп, 4 ауданда төтенше жағдайлар жарияланды. Оның 531 млн теңгесі тұрғындарға берілді.
Егер тағы төтенше жағдай жарияланса, 7 ауданға шамамен 12 млрд теңге көлемінде қажет болады. Ол қажеттіліктің тек 30%-ын ғана қамтамасыз етеді. Киік көп болған сайын, табиғи түрде реттеліп, қырылып та отырады. Қазір киіктер ауыл малымен бірге араласып, жайылып жүр. Киік өлекселерін ауыл малдарына арналған мал қорымдарына әкеліп, көміп жатыр. Ол мал қорымдары ақша бөлініп салынған. Бірақ амалсыздан киік өлекселерін сол жерге көміп жатыр. Ветеринарлар ауылдың малын егумен емес, киік өлекселерін жинаумен, оларға акт жасауға қатысуға міндетті. Міне мамандар қазір осымен айналысып жүр, — деді мәслихат депутаты Сағитов Мәжілістегі отырыста.