Кеше 2026, 22:24 Фото: Polisia.kz

Мал бағып жүрген ұлын іздеп шыққан: БҚО-да адасып кеткен әйел табылды

Жоғалған әйел мен оның туыстары полиция қызметкерлеріне жедел әрекеті мен табандылығы үшін алғыс білдірді.

Батыс Қазақстан облысында полицейлер мен төтенше жағдай қызметкерлері далада адасып кеткен әйелді аман-есен тауып, үйіне жеткізді.

Polisia.kz-тің жазуынша, оқиға 20 мамыр күні Теректі ауданына қарасты Сатым ауылы маңында болған. Мал бағып жүрген ұлын іздеп шыққан әйел бағытынан жаңылып, үйіне қайта орала алмай қалған.

Кешкі сағат 20:59 шамасында аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне әйелдің жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Оның ұлы анасын табуға көмек сұрап, полицияға жүгінген.

Осыдан кейін жедел іздестіру жұмыстары ұйымдастырылып, оған Теректі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен төтенше жағдайлар бөлімшелері жұмылдырылды.

Түнгі уақыт, кең дала аумағы және нақты бағдардың болмауы іздеу жұмыстарын қиындатқанымен, мамандар іздеуді таң атқанға дейін тоқтатпаған.

Бүгін, 21 мамыр күні таңертең жүргізілген жедел шаралар барысында полицейлер әйелді даладан тауып, аман-есен үйіне жеткізді. Оған медициналық көмек қажет болмаған.

Жоғалған әйел мен оның туыстары полиция қызметкерлеріне жедел әрекеті мен табандылығы үшін алғыс білдірді.

Полиция азаматтарға далаға шығар алдында жақындарына баратын бағытын ескертіп, өзімен бірге байланыс құралы, су және қуаты толық телефон алып жүру қажеттігін еске салды.