Макулатураны сырттан әкелуге тыйым салынды

Алматы, BAQ.KZ. Қазақстанда қайта өңделетін қағаз, картон және макулатураны сырттан әкелуге екі жылға тыйым салынды. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП хабарлады.

Аталған мәселені соңғы екі жыл бойы «Қазақстанның қаптамашылары қауымдастығы» көтеріп, сонымен қатар бейінді ведомство және «Атамекен» ҰКП тарапынан қолдау тапқан.

«Қазақстан қаптамашылары қауымдастығы» басқарма төрағысы Батырбек Әубәкіровтің айтуынша, бұл осы саланы сақтап қалуға, сонымен қатар тікелей инвестициялық тартымдылыққа әсер етпек.

«Үкімет пен «Атамекен» ҚР ҰКП осы мәселеде принципшіл позицияны ұстанып, бізге толықтай қолдау көрсетті. Біз өзіміздің өңдеуші зауыттарды қорғауға және осы саланы дамытуға дайын болдық», - деді ол.

Бүгінде қазақстандық нарыққа түріктің ірі холдингі қызығушылық танытқан және енді шикізаттың болуы маңызды. Сонымен қатар, биыл елімізде макулатураны өңдеу бойынша үш зауыт пайдалануға берілмек.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы