Мақтааралда жыл соңына дейін 2 ірі кәсіпорын іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мақтаарал ауданына облыстық инвестиция және экспорт басқармасының басшысы Қайрат Әзімов пен «Түркістан» индустриалды аймақтарының басқарушы компаниясының бас директоры Серік Медетбеков жұмыс сапарымен келіп, аудандағы бірнеше кәсіпорынды аралады.

Ең алдымен басшылар Мақтаарал ауданының индустриалды аймағында болып, «Береке ММА» ЖШС-нің мақта зауытының және «Soldatos» ЖШС-не тиесілі асфальт-бетон өндірісінің жұмыс барысымен танысты. Аудан әкімінің орынбасары Сәкен Сұлтанханов кәсіпорындардың бүгінгі ахуалы туралы кеңінен ақпарат беріп, жаңа инвестициялық жобалар туралы да пікір бөлісті.

«Береке ММА» ЖШС-нің мақта зауыты жылына 20 мың тоннаға дейін мақта талшықтарын өндіре алады. 80 адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорынның жалпы құны 450 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар, «Soldatos» ЖШС-нің асфальт-бетон өндірісі тәулігіне мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. 30 адамды жұмыспен қамтыған өндіріс ошағының жалпы құны 300 миллион теңге.

Индустриалды аймақта жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарланып отырған тағы бір кәсіпорын – «El-KZ» ЖШС-нің темір-бетон өндірісі. Жылына 11-12 мың метр куб өнім шығаратын кәсіпорынның жалпы құны 209 миллион теңгені құрап отыр. 17 адам жұмыспен қамтылмақшы. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша құрылып отырған нысан үшін индустриалды аймақтан 1 гектар жер бөлінген.

Мұнан соң қонақтар Атакент кентінде жұмысы тоқтап тұрған «Еспол» ЖШС-нің ұн өнімдерінің өндірісімен танысты. Кәсіпорынның қайта жұмыс жасауы үшін қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 200 миллион теңге көлемінде қаржы қажет. Нысан иесі осы мәселе бойынша көмек сұрады. Зауыт іске қосылса тәулігіне 40 тонна бидай өңдеп, 28 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар.

Басшылар Атакентте жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарланып отырған «АААР» ЖШС-нің мақта өңдеу затының құрылысына да куә болды. Жылына 30 мың тонна мақта талшығын өндіретін зауыттың жалпы құны 1,2 миллион долларға жетіп отыр. Нысанның жер көлемі 9,27 гектарды құрайды. Қазіргі таңда зауыттың құрал-жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорын іске қосылғаннан соң 100 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы