Мақтааралда алғаш рет лапароскопиялық ота жасалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Мақтаарал ауданының "Мырзакент" аудандық ауруханасында тұңғыш рет лапароскопиялық ота жасалды.

Бұл туралы Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін облыстың қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Пашимовтың тапсырмасымен облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері Елдос Сұлтанов лапароскопиялық құрал-жабдықтарды аудандық ауруханаға табыстап, жергілікті дәрігерлерге өзінің тәжірибесін үйретті.

Лапароскопиялық хирургия – науқастың ішкі ағзасына ота жасау үшін тілік жасамай емдейтін хирургияның жаңа әдісі болып табылады. Бұл тәсілмен ота жасалған емделуші бір-екі күн ішінде аяққа тұрып кете алады.

Бүгін Мақтаарал ауданының медицина саласында үлкен жаңалық орын алып отыр. Бұл операция еліміздің медицинасында бірнеше жылдан бері қолданылып келгенімен жергілікті аудандық ауруханаларға енді ғана енгізіліп жатыр. "Олимпус" компаниясының лапараскопиялық стойкасы арқылы бүгін 6 адамға ота жасайтын боламыз. Қазір бір науқасқа ота жасап, өтінен тастарды түсірдік. Сонымен қатар, кіндігінің айналасында жарық бар екен, яғни грыжасы алынды. Бұдан бөлек, кешке дейін гинекологиялық жағынан операциялар жасалатын болады, –  деді Елдос Едігеұлы.  

Кез келген науқас онсыз да ауырып, мазасы кетіп тұрған соң, ең жеңіл тәсілмен ем алғысы келеді. Ал лапароскопиялық технология арқылы науқастың денесін ешбір тілусіз емдеуге болады. Тек бір-екі жерден көлемі 0,5-1,5 см болатын саңылаулар жасалады. Бұндай тәсіл емделушінің қалыпты жағдайға келуін тездетеді. Ал дәстүрлі жолмен жасалатын отада науқастың қалыпқа келуі 8-9 тәулікке созылады. Сол себепті пациенттер өздерін осы әдіспен емдегенді қалайды.

"Мырзакент" аудандық ауруханасының бас дәрігері Берік Есімхановтың айтуынша, жергілікті дәрігерлер де ота жасау процесіне қатысып, жаңа әдіс туралы білім-білігін арттыруда. Сонымен қатар, мақтааралдық дәрігерлер облыс орталығына да барып тәжірибелерін арттыруды жоспарлап отыр.

Бас дәрігер жаңа технологияны жергілікті жерге алып келуге көмек бергені үшін облыстың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Пашимовқа, Мақтаарал ауданының әкімі Б.Асановқа және өзінің тәжірибесімен бөлісуге келген облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері Е.Сұлтанов пен гинеколог И.Хусейновке зор алғысын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы