Мақтааралда 38 мың гектарға мақта егілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі таңда Мақтаарал ауданында көктемгі дала жұмыстары толық аяқталды. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.


Биыл мақтааралдық диқандар 38185 гектар жерге мақта, 11417,1 гектарға бақша, 4015,9 гектарға дәнді дақылдар, 1827,6 гектарға көкөніс, 1888 гектарға жаңа жоңышқа, 1689 гектарға ескі жоңышқа, 90,2 гектарға жеміс-жидек, 83,2 гектарға жүзім, 54,2 гектарға картоп екті.

Мамыр айынан бастап Мақтаарал ауданында ауа-райы күрт жылынғандықтан, шаруалар көктемгі дала жұмыстарын қарқынды түрде жүргізді. Мақтаны егу үшін аудан әкімдігінің бастамасымен мың тоннаға жуық тұқымдық шит дайындалып, сортына қарай 230-350 теңге аралығында сатылды. Сонымен қатар, Түркия мен Қытайдан да тұқымдық шит тасымалданды.

"Көктемгі дала жұмыстарына барлығы 954 ауыл шаруашылығы тракторы, 415 чизель, 3876 тырма, 212 тұқым сепкіш техникалары қатысты. Биыл шаруаларға көмек беру мақсатында көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін "Ырыс" микро қаржы ұйымы арқылы жылдық 6%-бен 293 млн теңгеден аса несие берілген",- делінген таратылған ақпаратта. 

Өткен жылы ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 42 млрд теңгеге жеткен болатын. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 32,2 млрд теңге, мал шаруашылығы 9,6 млрд теңге, ауыл шаруашылық қызметі 278 млн теңгені құраған. 

Былтыр да 38 мыңнан аса гектар жерге мақта дақылы егіліп, аудан бойынша 96 511 тонна "ақ ұлпа" қамбаға жиналды. Орташа өнімділік 25 центнерге жетіп, мақташылар жылды табыспен аяқтаған. Биыл да мақтааралдық шаруалар ақ алтыннан жоғары көрсеткішпен өнім алуды көздеп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы