Мақтаарал ауданында мақта терімі басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ақ алтынның» отаны саналған Мақтаарал ауданында мақта терімі басталды.
Алғашқылардың бірі болып Жамбыл ауылдық округіне қарасты Қанат Айботаев басшылық жасайтын «Айбота» шаруа қожалығы ала жаздай өсірген өнімін жинауға кірісті. 5 гектар жерге «Мақтаарал-4011» мақта сортын еккен қожалық агротехникалық шараларды толық орындаудың арқасында бірінші терімнің өзінде 25 центнерден өнім алды. Мақтаның әрбір келісін 30 теңгеден жергілікті ауыл тұрғындары теруде. Қожалық басшысы жинаған өнімін «Cotton-Мақта» ЖШС мақта өңдеу зауытына өткізетінін жеткізді.
Биыл мақтааралдық шаруалар жалпы 35 мың гектардан аса жерге мақта шитін сепкен болатын. Қазіргі таңда диқандарымыз мақтаға қажетті агротехникалық шараларды аяқтап, мақта жинау науқанын бастап кетті. Аудан бойынша 3 мың гектардан астам мақталық алқапқа дефоляция жұмыстары жүргізілген. Мақта жинау техникалары, мақта зауыттары мен қабылдау бекеттері толық дайын тұр. Күзгі жиын-терім науқанын сәтті өткізу – бәріміздің ортақ міндетіміз, – деді ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл.
Аудандағы мақта терім науқаны үшін 567 трактор, 850 тіркеме және 162 мақта терім машинасы дайындалған. Жоспар бойынша мақтаның 70 пайызы техниканың күшімен теріледі.
Айта кетейік, ауданда 8 мақта өңдейтін зауыт пен 64 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Ал шаруаларға көмек ретінде мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен тиісті деңгейде жанар-жағармай босатылуда.