Макрон жаңа үкіметті құру мерзімін белгіледі
Франция президенті Эммануэль Макрон елдің жаңа премьер-министрі Себастьян Лекорнға 5 қазанға дейін министрлер кабинетін қалыптастыруды тапсырды. Бұл туралы BFMTV телеарнасы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Телеарна мәліметінше, Лекорн 25-26 министр мен мемлекеттік хатшыдан тұратын ықшам әрі тиімді команда құруға тиіс. Жаңа үкімет мүшелері аймақтармен тығыз байланыс орнатып, елдің солшыл күштерімен диалог орнатуға дайын болуы қажет.
Үкімет жексенбі күні кешке құрылуы мүмкін, алайда оның нақты құрамы дүйсенбі таңертең соңғы түзетулер енгізілгеннен кейін жариялануы ықтимал, - делінген ақпаратта.
Еске сала кетейік, 8 қыркүйекте бұрынғы премьер-министр Франсуа Байро бастаған үкімет Ұлттық жиналыстың сенімсіздік вотумынан кейін отставкаға кеткен болатын. Бұл шешім елде жаппай наразылықтарға ұласты.
Азаматтардың ашу-ызасын тудырған басты себеп – 2026 жылғы бюджет жобасы. Үкімет ұсынған құжатқа сәйкес, келесі жылы зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер индекстелмейді, ал Қорғаныс министрлігінен өзге бірде-бір ведомствоның бюджеті ұлғайтылмайды.
Жаңа үкіметтің құрамы мен бағыты алдағы күндері Францияның саяси тұрақтылығына және Макрон әкімшілігінің болашақтағы беделіне тікелей әсер етуі мүмкін.