Макрон: Франция Гренландияға құрлық, әуе және теңіз күштерін жібереді

Франция Гренландияға әскери контингентін жіберіп үлгерді және жақын күндері оны күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон елдің оңтүстігіндегі Истр авиабазасында әскери қызметшілер алдында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, француз әскери қызметшілерінің алғашқы тобы қазірдің өзінде Гренландия аумағында орналасқан.

Француз әскери қызметшілерінің алғашқы тобы қазірдің өзінде орнында. Алдағы күндері олар құрлық, әуе және теңіз құралдарымен күшейтіледі, - деді Макрон.

Оның сөзі Елисей сарайының X (бұрынғы Twitter) желісіндегі парақшасында жарияланды.

Бұған дейін France Info радиосы Гренландияға 15 француз әскери қызметкері келгенін хабарлаған болатын.

Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше рет Гренландияны АҚШ құрамына қосудың қажеттілігі туралы мәлімдеген. Алғашқы президенттік мерзімі кезінде ол аралды сатып алу идеясын ұсынған, ал 2025 жылдың наурыз айында оны қосып алуға болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ Ақ үй аппараты басшысының орынбасары Стивен Миллер Данияның Гренландияға бақылау жүргізу құқығына күмән келтіріп, арал АҚШ құрамына өтуі тиіс екенін айтқан.

Гренландия – автономды аумақ мәртебесіне ие, Дания Корольдігінің құрамындағы аймақ. 1951 жылы АҚШ пен Дания НАТО аясында Гренландияны қорғау туралы келісімге қол қойған. Бұл келісімге сәйкес, АҚШ аралды ықтимал сыртқы агрессиядан қорғауға міндеттенген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Michel Euler / Reuters
Өзгелердің жаңалығы