Макроэкономикалық саясат: Үкімет пен қаржы реттеушілері ортақ ұстанымға келді
Жиын қорытындысында тараптар макроэкономикалық саясатты деректер негізінде жетілдіруді жалғастырып, негізгі назарды инфляцияны төмендетуге, еңбек өнімділігін арттыруға, ұсынысты кеңейтуге және экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз етуге аудару қажет деген ортақ пікірге келді.
Үкімет, Ұлттық Банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі макроэкономикалық саясаттың басым бағыттарын, кредиттік нарықтың дамуын және нақты секторды қолдау тетіктерін талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.
Кездесу Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институтында өтті. Оған Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері, «Атамекен» ҰКП және сарапшылар қатысты.
Талқылау барысында 2026 жылдың алғашқы бес айындағы экономикалық көрсеткіштер қаралды. Алдын ала деректерге сәйкес, ЖІӨ 3,7%-ға, мұнай емес сектор 5%-ға, құрылыс саласы 13,4%-ға, өңдеу өнеркәсібі 9%-ға өскен. Сонымен қатар жылдық инфляция 10,3%-ға дейін баяулағаны айтылды.
Серік Жұманғарин тұтынушылық несиелеу қарқынының бәсеңдеуі нарықтың табиғи тұрақтануымен және жүргізіліп жатқан макропруденциалдық саясаттың нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет үшін негізгі міндет – қызып кеткен тұтынушылық сегменттерді шектей отырып, тұрғын үй, ипотека, автомобиль өнеркәсібі және нақты сектор сияқты ұзақ мерзімді өсімге негіз болатын салаларды қолдау.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазіргі жағдайда ішкі сұранысты қосымша ынталандырудың қажеті жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, тұтынушылық несиелеудің баяулауы халықтың шамадан тыс қарыздануын және инфляциялық қысымды төмендетуге бағытталған шаралардың нәтижесі.
Кездесуде шағын және орта бизнесті қаржыландыруды кеңейту, банктердің кредиттік белсенділігін нақты экономикаға бағыттау, сондай-ақ электрондық сауда мен BNPL (бөліп төлеу) қызметтерін реттеу мәселелері де қаралды. Қатысушылар маркетплейстердің қызметіне ортақ талаптар енгізу тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін маңызды екенін атап өтті.
Жиын қорытындысында тараптар макроэкономикалық саясатты деректер негізінде жетілдіруді жалғастырып, негізгі назарды инфляцияны төмендетуге, еңбек өнімділігін арттыруға, ұсынысты кеңейтуге және экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз етуге аудару қажет деген ортақ пікірге келді. Сонымен қатар «Бәйтерек» холдингі мен екінші деңгейлі банктердің қатысуымен нақты сектор жобаларын қаржыландыру мәселелері бойынша жеке кездесу өткізу туралы келісім жасалды.