Мақпал Мыса Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының аянышты жағдайы туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақпал Тәжмағамбетова (Мақпал Мыса) Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановақа Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының аянышты жағдайына қатысты сауал жолдады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға мән беріледі» деген еді. Nur Otan партиясы да мәдени құндылықтарымыздың сақталуы мен өркендеуін үнемі назарда ұстайды. Осыған орай сауалымызға негіз болған нақты мәселе - Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының бүгінгі таңдағы мүшкіл халі, - деді ол.

Депутат атап өткендей, бұл мекеме – мемлекеттің тарихы мен ұлт руханияты үшін аса маңызды.

Бүгінде Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының Баспасөз мұрағатында 6 миллионға жуық кітап пен газет-журналдардың міндетті данасы сақтаулы тұр. Ең көне жәдігерлердің шыққан уақыты 1890 жылдарға тиесілі. Бүгінде Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы Алматы қаласы, Пушкин көшесі. 2-үй мекен жайында орналасқан. Ғимараттың бірінші қабатында мекеме қызметкерлері отырса, мұрағат қоры осы ғимараттың жанындағы үш қабатты үйде орналасқан шағын қоймада сақтаулы. Мұнда мұрағатпен қатар қаптаған сауда орындары, асхана мен монша да бар, қарама-қарсы бетте жанармай бекеті де жұмыс істеп тұр, - деп түсіндірді Мақпал Мыса.

Оның айтуынша, мұрағатқа қызметкерлер де, ізденушілер де жұмысы қайнап жатқан базар үстімен өтеді. Көктемде еріген су да мекеме үшін үлкен мәселе болып отыр. Мекеме қызметкерлері мұндай уақыттарда құрал-сайманын алып қар күрейді, су аққан тұстарды бекітеді. Дегенмен ылғалды температура, сыз бен бу, асхана қалдықтарына өш кемірушілердің қағаз өнімдеріне барынша кері әсерін тигізіп жатқаны айтпаса да түсінікті.

Үш жыл бұрын мұрағатпен іргелес орналасқан моншадан өрт шығып, мұндағы 6 млн-ға жуық құнды кітап бір қатерден қалған. Төтенше жағдай дабыл қақса да, қам-қарекетсіз жүрміз. Мұндай немқұрайдылықпен ғасырлық тарихы бар құнды кітаптарымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Халықаралық стандарт бойынша қағаз өнімдерінің ең ұзақ сақталатын уақыты – 200 жыл. Екі ғасырдан астам уақыт аса маңызды тарихи жәдігерлерді сақтау үшін мұрағат ғимаратында қажетті техникалардың, химиялық қоспалардың, тұрақты температураны қамтамасыз ететін құрылғылардың болуы шарт, - дейді Мәжіліс депутаты.

Ол атап өткендей, мұрағат стандарттарына сәйкес жағдай жасалмағандықтан, мұндай апаттардың орын алуы әбден мүмкін. Бұл мәселе бұған дейін бірнеше рет көтерілгенімен, өз кезеңінде шешілмеген. Алматы қаласының әкімдігінен мекемені көшіруге қажетті орынның жоқтығы туралы жауап та келген.

Осы мәселеге қатысты депутат өз ұсынысын айтты:

  1. Тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени республикалық маңызы бар кітапханалар мен кітап палатасының жалпыға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін, бұл мекемелердің түгелдей техникалық жағдайы тексеріліп, реттелуі керек.
  2. Мемлекеттік мекемелерді, кітапханаларды және халықты библиографиялық ақпаратпен, шежіремен, анықтамалықтармен қамтамасыз ететін кітап палатасының мұрағат қорын сақтауды жіті назарда ұстау қажет. Мұрағат ісін жетілдіру, материалдық-техникалық базасын жаңғырту ісі талапқа сай жүргізілуі тиіс.
Сондықтан да Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы тез арада қауіпсіз жерге көшіріліп, сапалы деңгейде жұмысын жалғастыруы тиіс, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы