Нұр-Сұлтанда "Make it possible" республикалық спартакиадасы мәресіне жетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 22 қарашада елордадағы Nazarbayev University атлетикалық орталығында республикалық "Make it possible" спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мүмкіндігі шектеулі және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жасөспірімдер арасында өткен спартакиада елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылды. 


"Спортты дамыту дирекциясы" РМҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, шараның салтанатты ашылу рәсіміне ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, қоғам қайраткерлері, спорт саңлақтары, еліміздің белгілі өнер жұлдыздары қатысты.

Сондай-ақ, Республикалық ұлттық киокушинкай-кан каратэ федерациясының президенті Омархан Өксікбаев пен еліміздің даңқты спортшылары Зульфия Габидуллина, Александр Колядиндер балаларға министрлік атынан арнайы сыйлықтар табыстады.


Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан еліміздің түкпір-түкпірінен келген балаларға алғысын білдіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.


"Make it possible" спартакиадасы Актив Life ашық бірлестігінің төрағасы Арнұр Ысқақовтың идеясымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Ұлттық паралимпиада комитетінің қолдауымен ұйымдастырылды.


Жарысқа Қазақстанның 12 өңірінен 250-ге жуық бала қатысты. Олар спорттың бес түрі: шағын футбол, армрестлинг, тоғызықұмалақ, асық ату және үстел теннисінен бақ сынады.



Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.



Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте жүлделі бірінші орынды Қостанай облысы жеңіп алды. Екінші орынды Батыс Қазақстан облысы иеленсе, үздік үштікті Ақтау қаласы, Отбасылық үлгідегі балалар ауылы қорытындылады.


Сондай-ақ, спартакиаданың "Ең жас қатысушы", "Көрермен көзайымы", "Жеңіске деген жігері үшін", "Үздік әдіс" "Спартакиада жаңалығы" аталымдары бойынша балақайларға арнайы сыйлықтар табысталды. 


Екі күнге созылған жарыс балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, спорттың жас жұлдыздары өздеріне жаңа достар тапты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы