«Макдональдстан» бургер сұрап жеген Роналду өзіне мейірімділік танытқан әйелді тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ювентус» шабуылшысы Криштиану Роналду өзінің және достарының кішкентай кездерінде «Макдональдстан» бургер сұрап жегенін айтқаннан кейін, болашақ жұлдызға мейірімділік танытқан әйелдердің бірі табылды, деп жазады Prosports.kz.

Роналду жақында берген сұхбатында, балалық шағында қарыны ашқанда достарымен бірге бургер сұрап жегенін айтқан еді. Әрі сол кезде өздерін тамақтандырған үш әйелді тауып алғысы келетінін жеткізген.

Футболшының осы сұхбатынан кейін «Макдональдс» компаниясының бұрынғы қызметкері Паула Лека Роналду айтқан әйелдердің бірі өзі екенін мәлімдеді.

«Балалар мейрамхананың алдына келетін. Егер бізде артық гамбургер болса, оны балаларға беруімізге рұқсат берілетін. Балалардың арасында Криштиану да болды. Әрі олардың ішінде ең жасқаншағы да сол болатын. Бұл жағдай әр апта сайын қайталанып тұратын. Бұл оқиғаны мен ұлыма айтқанмын. Бірақ ол мүлде сенбеді. Өйткені, анасының атақты Роналдуға гамбургер бергенін елестете де алмады. Бұл жайлы менің күйеуім де білетін. Кейде мені жұмыстан алып қайтуға барғанда, Криштиануды көретін. Дәл қазір баяғыда болған осы оқиғаларды еске алу өте қызықты. Бұл жағдай Роналдудың қарапайымдылығын көрсетеді. Әрі менің бұл оқиғаны ойдан шығармағанымды бәрі білді. Егер ол мені кешкі асқа шақырса, мен сөзсіз барамын. Ең алдымен оған ескі күндерді еске түсіргені үшін алғыс айтар едім», - деді Лека португалиялық телеарналардың біріне берген сұхбатында.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы