Махамбет ауданында жылыжай кешені ашылды
Атырау облысы Махамбет ауданы Ақжайық ауылдық округінде аумағы 4 гектар, жылына 1600 тонна өнім өндіруге мүмкіндік беретін өндірістік жылыжай кешені ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Өңірімізде бұрын-соңды болмаған жылыжай ашылып жатыр. Баршаңызды құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасында шағын және орта бизнесті қолдау қажеттігі, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін басты назарға қоюды айтты. Бұл тапсырманы орындаудың бір көрінісі - осы жылыжай. Кешен тек Махамбет ауданының ғана емес, облыстың ауыл шаруашылығындағы ең үлкен жоба. Сондай-ақ осы кешенде жаңа жұмыс орындары ашылды. Азаматтарымыз мұнда заманауи техниканы игере отырып жұмыс істейді. Еткен еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер, - деді С.Шәпкенов.
«Жұмағалиева Н.М» шаруа қожалығы қолға алған жобаның жалпы құны - 3 млрд теңгеден астам. Үш блоктан тұратын кешеннің қазір біреуі ғана іске қосылған. Алдағы уақытта қалған блоктарда құрылыс жұмысы басталады. Жылыжайда жұмыс істейтін 60-тан астам қызметкердің 40-тан астамы жергілікті тұрғын. Олар жылыжайда жылына 900 тонна қызанақ, 700 тонна қияр жинайды. Қызанақтың голландық «Merlice» деп аталатын сорты тәулігіне 6 тонна өнім берсе, қиярдың голландық «Golden» сорты тәулігіне 7 тонна өнім береді. 9 айда әр өскіннен тәулігіне 18 келі өнім алу жоспарланып отыр.
Кешен жұмысы автоматтандырылған. Тамшылатып суару әдісімен әрбір өскінге қажетті тыңайтқыш ертінділер түрінде беріледі.
Сонымен бірге жылыжай кешенінің аумағын 16 гектарға дейін ұлғайту жоспарда бар. Алдағы уақытта көкөніс өнімдерін ғана емес, үй жануарларын, құс пен балық түрлерін өсіруді қолға алу мақсаты тұр.