Мағзұм Мырзағалиев Семей полигонына қатысты пікір білдірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Мәжілісінде «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтуде.
Отырыс барысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев заң жобасының негізгі мақсаты ластанған жерлерде Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру, Семей сынақ полигонындағы жұмыстарды орындауға және ластанған учаскелерді оңалтуға жауапты операторды айқындау екенін мәлім етті.
2008 жылдан бастап полигон аумағында Министрлікке ведомстволық бағынысты ұйым Ұлттық ядролық орталықтың күшімен кешенді экологиялық тексеру жүргізіліп, ол осы жылы аяқталды. Осы жылдар ішінде бұрынғы полигонның радиоэкологиялық жай-күйін анықтау мақсатында бірнеше миллион өлшеу жүргізіліп, бірнеше ондаған мың топырақ үлгісіне талдау жасалды, -деді М.Мырзағалиев.
Сондай-ақ Энергетика министірінің сөзінше, бүгінде аумақ 100 пайыз тексеріліп, 2008-2021 жылдарға арналған қорытынды есеп дайындалған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес аталған зерттеу материалдары дайындалып, мемлекеттік экологиялық сараптамаға жіберілетін болады, оның нәтижелері бойынша шартты таза және нормативтен тыс ластанған жерлер айқындалатын болады. Алдын ала бағалау бойынша шартты түрде таза және нормативтен тыс ластанған жерлердің ауданы тиісінше 8900 және 9 400 км2 құрап отыр, - деді Мырзағалиев.