Мағжан – 130: Қазақ поэзиясының жарық жұлдызына арналған жиын өтті
Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, өшпес мұра қалдырған ұлы ақыны Мағжан Жұмабайдың 130 жылдық мерейтойына орай халықаралық ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Конференция басталмас бұрын, қонақтар Мағжан алаңында ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров конференцияға қатысушыларды құттықтап, шығармашылықтарына табыс тіледі.
Конфенеренцияға көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Түркия Республикаларынан келген қонақтармен қатар, еліміздің белгілі ғалымдары, зиялы қауым өкілдері де қатысты.
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов конференцияның маңызын айта отырып, Мағжанның мұраларына аса жауапкершілікпен қарап, шығармаларының толық академиялық жинағын шығаруымыз керектігін атап айтты.
Мағжан – қазақ поэзиясына лириканың соны үлгісін әкелген, қазақ жырына еуропалық жаңа өрнек салған, артына өшпес рухани мұра қалдырған ұлы ақын, - деді М. Құлкенов.
Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы атынан ұлы ақынның мерейтойына орай жоғары деңгейде конференция ұйымдастырған облыс әкімі А. Сапаровқа Алғыс хат табыс етті.
Конференцияға қатысқан баяндамашылар Мағжан Жұмабайдың шығармашылығы, саяси қоғамдық өмірі, қызметі жайында құнды деректерімен әдеби мәліметтерді толықтырды.