МАГАТЭ: Ядролық энергетиканы дамыту үшін кадрлық әлеует шешуші рөл атқарады
Kazakhstan Energy Week – 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы аясында сөйлеген сөзінде МАГАТЭ бас директорының орынбасары Лю Хуа ядролық энергетика саласының алдында тұрған басты міндеттер туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ядролық энергетиканы тиімді дамыту үшін бірінші кезекте білікті адами ресурстар қажет. Лю Хуаның айтуынша, бұл салада инженерлер, операторлар, электр және механика мамандары, қауіпсіздікті қадағалайтын реттеуші органдар қажет.
Бұл – тек құрылғылар мен технология емес, ең алдымен, адам капиталы. Ядролық қауіпсіздік мәдениетін бойына сіңірген, жоғары білікті кадрлар қажет, – деді ол.
МАГАТЭ осы бағытта елдер үкіметтерімен тығыз жұмыс істеуге дайын. Агенттік кадрларды даярлау үшін мастер-класстар, қысқа мерзімді тренингтер мен біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұйымдастырады. Сонымен қатар ядролық энергетика саласына маманданған университет бағдарламаларының маңызын атап өтті. Лю Хуа Қытай тәжірибесіне тоқтала келе, Цинхуа университетімен бірге жұмыс жүргізу арқылы ядролық инженерия кадрлары университет деңгейінен бастап даярланғанын мысал етті.
Сіздерге де осы бағытты ойластыру қажет. Тіпті қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары арқылы да мамандарды дайындауға болады. Бірақ ұзақ мерзімді перспективада мамандықтардың өзі қажет – университет бағдарламасы деңгейінде, – деді Лю Хуа.
Сондай-ақ ол Қазақстан тарапынан ядролық энергетиканы дамытуға деген саяси ерік пен халықаралық ынтымақтастықты жоғары бағалады. Оның айтуынша, Қазақстан – ядролық отын шикізатын жеткізуші ірі елдердің бірі және өз тәжірибесімен басқа мемлекеттермен бөлісе алады.
Халықаралық қаржы ұйымдарының, Дүниежүзілік банк немесе өңірлік даму банктерінің қолдауы да маңызды. Ядролық энергетиканы қаржыландыру – ең күрделі мәселелердің бірі, – деді Лю Хуа.
МАГАТЭ өкілі Қазақстанның ядролық саладағы қадамдары Орталық Азиядағы басқа елдер үшін үлгі бола алатынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан ядролық технологияларды бейбіт мақсатта дамытуға белсенді кіріскен, ал үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау – бұл бағыттағы табыстың негізгі факторларының бірі.
Біз МАГАТЭ ретінде мүше мемлекеттерге көмектесу арқылы ғана емес, мемлекеттер арасындағы тәжірибе алмасуды да ынталандыруға тырысамыз. Қазақстанның үлгісі – басқа елдер үшін жақсы бағдар, – деді ол.
Сөз соңында Лю Хуа Қазақстанның ядролық энергетика саласындағы белсенділігіне жоғары баға беріп, алдағы уақытта МАГАТЭ құрамында қазақстандық мамандардың да көбірек көрінуіне үміт білдірді.