"Маған кескен ұнайды": гинеколог 100-ден астам әйелдің жатырын себепсіз алып тастаған
Ұлыбританияда дәрігер-гинеколог Дэниел Хэй әйелдердің жатырын медициналық тұрғыдан қажет болмаған жағдайларда да алып тастағаны үшін тергеуге алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Daily Mail-ге сілтеме жасап.
Мұндай дерек Ұлыбритания гинекологиясын шолып тексеру жөніндегі жұмыс тобының тапсырысы бойынша дайындалған есеп арқылы мәлім болған. Дерби университеттік ауруханасының гинекологына қатысты алғашқы күдік 2017 жылы туындаған. Ол пациенттеріне айтарлықтай зиян келтірген болуы мүмкін деп есептеледі. Соған қарамастан, дәрігер үш жыл бойы сол ауруханада жұмыс істеп, кейін зейнетке шыққан. Оның әрекеттерінің нақты мән-жайы тек жақында ғана жария болды.
Англияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі мен сақтандыру қоры дайындаған есепте Хэйдің 100-ден астам әйелге зиян келтіргені көрсетілген. Олардың екеуі ауыр, үшеуі орташа деңгейде денсаулығына нұқсан келтірген. Гинекологтың жатырды алып тастау отасын шұғыл қажеттіліксіз жасағаны, ал әйелдерде басқа да емдеу тәсілдері бар екенін білмегені анықталған.
Сонымен қатар, есепте дәрігердің дөрекі және кәсіби емес мінез-құлық танытқаны жазылған. Бір пациенттің айтуынша, ол дәрігерден неге лапароскопиялық емес, ішті тілу арқылы ота жасалатынын сұрағанда, Хэй: "Маған кескен ұнайды" деп жауап берген.
Құжатта дәрігердің әрекеттері көптеген жағдайда ауыр зардаптарға әкелмегені тек сәттілік пен өзге әріптестерінің кәсіби көмегі арқасында екені атап өтілген.
Еске салсақ, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қостанай облысында хирургиялық операция кезінде көз жұмған науқас өліміне қатысты пікір білдірді. Сөзінше, хирург мас күйінде ота жасады деген күдікке ілінген.