МАЭК энергоблогындағы апат жойылды
6 шілдеде «МАЭК» ЖШС Жылу электр станциясындағы №1 энергоблокты жөндеу жұмыстары аяқталып, сағат 05.51-де іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жөндеу жұмыстары 4 шілдеде энергоблок қазандығы біраз уақыт суытылып тұрған соң сағат 21:50-де басталды. Жұмыс тәулік бойы MAЭК қызметкерлерінің күшімен жүргізілді.
Кәсіпорынның қызметкерлері оқиға орын алған сәттен бастап энергоблок қазандығындағы жөндеу жұмыстарын тезірек қолға алып, қалпына келтіруге жұмылды. МАЭК мамандарының уақытында жедел іс-қимыл жасауының арқасында энергоблок жабдықтарына елеулі зақым келтірілген жоқ. Соның нәтижесінде, облыс орталығы мен Маңғыстау облысының елді мекендерінің тұрмыстық тұтынушыларын электрмен жабдықтау бойынша шектеулер болған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 3 шілдеде сағат 17:31-де қазандыққа беріліп тұрған тоқ деңгейінің күрт өсуіне байланысты «МАЭК» ЖШС ЖЭС №1 энергоблогінде мәжбүрлі тоқтау орын алды.
Жөндеу жұмыстары арнайы жасақталған кесте бойынша жүргізілді, дегенмен жөндеу жұмыстары жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталды.