Мадуро АҚШ-ты ядролық қаруға тыйым салу шартын бұзды деп айыптады
Венесуэла Президенті Николас Мадуро АҚШ-тың әскери-теңіз күштерін, соның ішінде атом сүңгуір қайығын Кариб теңізіне жіберуі халықаралық шартқа қайшы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Venezolana de Televisión арнасына сілтеме жасап.
Каракастағы шет мемлекеттердің елшілеріне сенім грамоталарын тапсыру рәсімінде сөйлеген Мадуро: Америка Құрама Штаттары Венесуэланы атомдық сүңгуір қайықпен қорқытып, Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде ядролық қаруды пайдалануға тыйым салатын Тлателолко келісімін бұзды, – деді.
Мемлекет басшысы Боливар Республикасы егемендік пен аумақтық тұтастықты қорғауда табысты қадамдар жасағанын атап өтті.
Тлателолко келісімі 1968 жылы күшіне еніп, Латын Америкасы мен Кариб аймағын ядролық қарусыз аймақ деп жариялаған. Қазіргі таңда оған 33 мемлекет мүше.
Бұған дейін Венесуэла АҚШ-тың әскери кемелерін Кариб теңізіне орналастыруына байланысты БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке ресми шағым түсірген болатын. Ал Пентагон мұндай қадамды есірткі картельдеріне қарсы операциялармен байланыстырды.