Мадуро 18 айдан кейін отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді
Венесуэла президенті Николас Мадуро АҚШ өкілдерімен бейресми келіссөздер барысында 18 айдан соң қызметінен кетуге дайын екенін айтқан. Бұл туралы CNN ақпарат көздеріне сілтеме жасап жария етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Телеарнаның мәліметінше, Мадуро әкімшілігі АҚШ-пен диалог орнату мақсатында президент Дональд Трамптың командасына жүгінген. Кейбір америкалық шенеуніктер ұсынысты қақтығысты реттеуге мүмкіндік беретін қадам ретінде қарастырған. Алайда Ақ үй Мадуроның дереу отставкаға кетуін талап еткен.
Бұған дейін, 29 қарашада Дональд Трамп Венесуэланың әуе кеңістігі АҚШ үшін жабылатынын мәлімдеді. Вашингтон Каракасты есірткі трафигіне қарсы күресте жеткілікті әрекет етпеді деп айыптап отыр.
Сонымен қатар АҚШ Кариб теңізіне USS Gerald R. Ford авианосцы бастаған соққы тобын орналастырды. Қыркүйек айынан бері АҚШ әскери күштері аймақта кемінде 20 жылдам қайықты жойып, 80-нен астам адамның қаза тапқаны хабарланған.
Америкалық БАҚ жақын уақытта Венесуэлаға соққы жасалуы мүмкін екенін бірнеше рет жазды. 27 қарашада Трамп Венесуэладағы есірткі трафигімен күресу үшін "жақын арада құрлықта әрекеттер басталатынын" айтқанымен, егжей-тегжейін ашпады.