Мадридте ядролық қарусыздану жөнінде кездесу өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мадридте ядролық қарусыздану жөнінде Стокгольм бастамасына мүше елдердің кезекті кездесуі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қатысушылар ядролық қарудан ада әлем құру мүмкіндігі артты деген тұжырымға келді. Жаппай қырып-жоятын қаруы ең көп екі ел – АҚШ пен Ресей басшылары соңғы рет кездескенде қару-жарақты бақылауға алуға дайындығын білдірді. Стокгольм бастамасына мүше елдер технологиялардың жетілуімен адамзатқа төнген қауіп арта түскенін алға тартып, әскери салада атом қуатын қолданудан бас тартуға шақырды. Форумға қатысушылар ядролық қарудан ада әлемге жету бойынша Қазақстанның атқарған еңбегіне лайықты баға берді. Кездесуде сөз сөйлеген Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстан бастамаларын қолдауға шақырды. Атап айтқанда, еліміз ядролық қауіпсіздік үшін басшылардың Ғаламдық Альянсін құру және ядролық қарудан ада әлемге жету жөнінде жалпыға бірдей Декларация бойынша БҰҰ қарарын қабылдауды ұсынған. Стокгольм тобының жұмысына белсенді қатысатын Қазақстан – осы ұйымдағы Орталық Азияның жалғыз өкілі.
Биыл, өздеріңіз білетіндей, мына Семипалатинск полигонның жабылуына 30 жыл болды. Оның үстіне біздің Орталық Азия ядролық қарусыз зона орнатқанына 15 жыл болды. Сондықтан мен осы отырыста басқа мемлекеттерді осы Қазақстанның ядролық процесс бастамаларын қолдауға шақырдым. Ол, әрине, Орталық Азия ядролық қарусыз зонасында ең біріншіден қазір Америкалық тарап құжаттарын қол қою қажет етеді. Сондықтан осы мәселеге арнайы тоқталып шықтым, - деді Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
Сондай-ақ Швеция Сыртқы істер министрі Анн Линде де пікір білдірді
Ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау бойынша бірлескен әрекеттерімізді талқылау үшін кездестік. Берлиндегі кездесуімізде 22 сатыдан тұратын ядролық қарусыздану бағдарламасын қабылдадық. Осы бағытта жұмысызды күшейтеміз, - деді ол.