Мәдина жасанды суқоймасына құлап кеткен

Осыдан төрт күн бұрын жоғалып кеткен 5 жасар Мәдинаның жансыз денесі Жамбыл ауылынан үш шақырым жердегі жасанды су қоймасынан табылды, деп хабарлайды Қостанайдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Төрт күн бойы кішкентай Мәдинаның аман-сау туыстарымен қауышатынына сенген қостанайлықтардың үміті су сепкендей басылды. Оған себеп, кешкі он жеті сағат қырық минутта жеткен суық хабар естіген жанның жанарына мұң ұялатты. Өз үйінен ел ұйқыда жатқанда 7 тамыз таңғы жетеде шығып,  жоғалып кеткен бүлдіршіннің тірі табылуына Қостанай жұрты бір адамдай сенген еді. Өкінішке орай, олай болмай шықты.

Бүгін Жамбыл ауылынан үш шақырым жердегі шаруалардың бақша егістігін суаруға арналған жасанды су қоймасының айналасынан іздестіру жұмыстары барысында Қостанай облысы патрульдік полиция ротасының аға инспекторы Самат Ищанов пен екі қала тұрғыны бүлдіршіннің су ішіндегі жансыз денесін тапқан.

Біз су қоймасының маңын толық дронмен бақылап шығуды ұйғардық. Мен жаяу су қоймасының маңынан іздестірдім. Бір кезде қасымдағы дронның иесі су ішінен жансыз жатқан баланың мүрдесіне ұқсайтын нысананы байқағанын айтты. Сол сәтте жаңағы аумаққа камераны жақындатып қарағанда, өкінішке орай Мәдинаның мүрдесін таптық. Содан кейін арнайы құрылған жедел штабқа хабарлап, оқиға орнына тиеселі мамандар шақырылды, – дейді аға инспектор Самат Ищанов.

Облыстық полиция департаменті таратқан мәліметке жүгінсек, кішкентай Мәдина суға батып кеткен жер биік жарқабағы бар, суға толы терең шұңқыр болған.

Бүгін үлкен қайғыға душар болдық. Мен бүлдіршіннің тағдырына алаңдап отырған облыс пен республиканың барлық тұрғындарына, полиция қызметкерлерінің атынан қайғырып көңіл айтамын! Облыс тұрғындары баланың жоғалып кеткен сәтінен бастап, құқық қорғау қызметкерлерімен бірлесе отырып ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Біз соңғы сәтке дейін Мәдинаның тірі  және ешбір зәбірсіз табылатынына сендік. Өкінішке орай, жағдай біз ойлағандай болмады, – дейді Қостанай облысы ПД бастығы Ерлан Омарбековтің әлеуметтік желіде тараған бейнежазбасында.

Қостанай облысы ПД бастығының айтуына қарағанда, кішкентай бүлдіршіннің мүрдесіне қажетті барлық сараптамалар тағайындалғанын, олардың нәтижелері бойынша қосымша ақпарат берілмек.

Осылайша небәрі 5 жасында өмірден қайғылы жағдайда көз жұмған кішкентай Мәдинаның суреттегі жымиған періште бейнесі ғана халық есінде қалмақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы