24 Қараша 2026, 14:11 Фото: istockphoto.com

Мәдиев: Жоғарғы сотқа қатысты деректердің таралуы тексеріліп жатыр

Жоғарғы сотқа тиесілі делінген деректер базасы даркнетте 50 мың долларға бағаланған.

Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, даркнетте қазақстандықтардың жеке деректері таралуы мүмкін екені туралы ақпараттың пайда болуына байланысты тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Көбіне мұндай деректердің ішінде, былайша айтқанда, қажетсіз ақпарат, түрлі фотосуреттер, тіпті Қазақстан азаматтарына қатысы жоқ суреттер мен басқа да файлдар кездеседі. Тексеру кезінде осындай жағдайлар анықталады, – деді Жаслан Мәдиев.

Министр Жоғарғы сот деректерінің ықтимал таралуына қатысты бүгін тексеру тағайындалғанын хабарлады.

Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп тексеру жүргізіп жатыр. Жарияланған ақпараттың мазмұны, қажет болған жағдайда файлдарға қол жеткізу және олардың ішіндегі мәліметтер тексеріледі. Сонымен қатар осы мемлекеттік органда қандай да бір рәсімдік заңбұзушылықтарға жол берілгені анықталады. Тиісті бұзушылықтар расталса, тиісті санкциялар қолданылады, – деді министр.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі лауазымды тұлғаларға әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін. Мұндай шаралар бұған дейін де қолданылған, оның ішінде ұйымдардың бірінші басшыларына қатысты жағдайлар болған.

Азаматтардың шағымынан кейін белгілі бір медициналық ұйымда 4 миллион қазақстандықтың деректері тарады деген ақпарат бойынша тексеру жүргізілген жағдайлар болды. Тексеру нәтижесінде 4 миллион адамның дерегі тарағаны расталмады. Алайда ақпараттық қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталды. Соған қарамастан айыппұл салынды. Егер қателеспесем, бұл – DamuMed медициналық платформасына қатысты жағдай, – деп түсіндірді вице-премьер.

Еске салайық, бұған дейін даркнетте сатылымға қойылған деректер базасы туралы хабарландыру пайда болған еді. Сатушының мәлімдеуінше, база Қазақстанның Жоғарғы сотына тиесілі. Ол үшін 50 мың доллар, яғни шамамен 22,2 миллион теңге сұралған.