Мәдениеттер диалогы: Алматыда халықаралық қолөнер ретриті өтті
Іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен дәстүрлі қолөнер шеберлері мен АҚШ-тан келген мәдениет саласы өкілдері қатысты.
2026 жылы 17-20 сәуір аралығында Алматыда Kazakhstan Artisan Initiative жобасы аясында халықаралық қолөнер ретриті өтті. Іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен дәстүрлі қолөнер шеберлері мен АҚШ-тан келген мәдениет саласы өкілдері қатысты.
Бастамашылар қатарында Қазақстан қолөнершілер одағы, Smithsonian Center for Folklife and Cultural Heritage және Chevron компаниясы болды. Жоба шеберлердің білімі, тәжірибесі және жеке тарихы арқылы материалдық емес мәдени мұраны сақтауға бағытталған.
Төрт күн бойы қатысушылар қолөнер білімін кейінгі буынға жеткізуден бастап, дәстүрлі тәсілдерді заманауи мәдени ортаға бейімдеуге дейінгі саланың өзекті мәселелерін талқылады. АҚШ-тың байырғы халықтарының тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар тоқу, зергерлік өнер және керамика дәстүрімен танысып, қолөнер тарихын құжаттаудың заманауи тәсілдерін меңгерді.
Іс-шараның соңғы күні Almaty Creative алаңында ашық форматта өтті. Бағдарлама аясында жасалған жұмыстар көрмесі, қорытынды таныстырылым және «Жанды тарих» атты сессия ұйымдастырылды.
Ретрит Алматыдағы креативті индустрияны дамытуға серпін беріп, халықаралық мәдени байланысты нығайтты және жаңа серіктестік мүмкіндіктеріне жол ашты.