«Мәдениетаралық діни сауаттылық және жаһандық қауіпсіздік» семинары өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 16-17 наурызда Шымкент қаласында АҚДМ Дін істері комитеті мен АҚШ-тың «LYN Community» үкіметтік емес ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум аясында «Мәдениетаралық діни сауаттылық және жаһандық қауіпсіздік» атты семинар өтті.
Бұл туралы АҚДМ баспасөз қызметі хабарлады.
Семинар жұмысына АҚДМ Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, сондай-ақ Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының Полиция және Әділет департаменттерінің, прокуратура мен Дін істері басқармаларының қызметкерлері, діни бірлестіктер өкілдері қатысты.
Спикер ретінде АҚШ, Ұлыбритания және Индонезия елдерінің дін саласындағы сарапшылыры өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар қатысушылардың мәдениет пен дінді оң немесе теріс әсер ете алатын аналитикалық факторлар ретінде түсіну және пайдалану қабілетін дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, семинар бағдарламасы арқылы қатысушылар жеке, салыстырмалы және мәдениетаралық құзыреттіліктерді, сондай- ақ практикалық дағдыларды - бағалау, келіссөздер мен коммуникацияны дамыта алады.
Қазақстан барлық азаматтардың діни құқықтары мен бостандықтарын құрметтейді және оларды іске асыру үшін қажетті жағдайларды жасауды жалғастыратын болады, - деп атап өтті Нүкежанов .
«LYN Community» үкіметтік емес ұйымының президенті Уэйд Кусак Қазақстан мен АҚШ арасындағы діни сенім бостандығы саласындағы екіжақты қатынастардың дами түсетініне және Меморандум аясында өтіп жатқан іс-шаралардың нәтижелі болатынына сенім білдірді.