Мәдениет және ақпарат министрлігінде жаңа Конституция жобасы талқыланды
Жиын барысында қатысушыларға конституциялық реформаның негізгі жаңашылдықтары мен стратегиялық бағыттары жан-жақты таныстырылды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі алаңында жаңа Конституция жобасын түсіндіру жөніндегі жалпыұлттық коалиция мүшелерімен кездесу өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиын барысында қатысушыларға конституциялық реформаның негізгі жаңашылдықтары, оның философиясы мен стратегиялық бағыттары жан-жақты таныстырылды. Әсіресе адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын айқындау, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту және мемлекеттің зайырлы сипатын күшейтуге бағытталған нормаларға ерекше назар аударылды.
Жаңартылған Ата Заң жобасы әділеттілік, мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігі, егемендік, ел аумағының тұтастығы және заң үстемдігі сияқты іргелі құндылықтарды бекітетіні атап өтілді. Сонымен қатар азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау, отбасы институтын және дәстүрлі құндылықтарды нығайту, қоғамдық қатысу тетіктерін кеңейтуге қатысты жаңа нормалар қарастырылған.
Кездесу қорытындысында қатысушылар Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдайтынын білдіріп, халық арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті.