Мәдениет саласының 75 қайраткеріне мемлекеттік стипендия берілді

Мәдениет және ақпарат министрі әдебиет және өнер қайраткерлеріне Мемлекет басшысының Өкімімен тағайындалған 2023 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны табыс етті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Салтанатты іс-шара Алматының «Достық үйінде» өтті. Мемлекеттік стипендия Қазақстанның 75 әдебиет пен өнер қайраткеріне берілді. 

Жыл сайын тағайындалатын мемлекеттік стипендия – мемлекеттің мәдениет пен өнер қайраткерлеріне, шығармашылық қызметкерлеріне және жас дарындарға жасаған қолдауы мен қамқорлығының айғағы, сондай-ақ, олардың Қазақстанның мәдениетін өркендетіп, әлемге танытуға қосқан үлестеріне көрсетілген құрмет. 

Қазір үлкен сараптамалық жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Өнер саласында жүйелі түрде шаралар қолдану керек екені анық. Үлкен-үлкен кездесулер де өткізіп отырмыз. Сіздер айтқан көкейкесті мәселелерді ескереміз. Ақпан айындағы тағы кездесеміз, – деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Мәдениет саласындағы стипендия Асанәлі Әшімов, Мырзатай Жолдасбеков, Бибігүл Төлегенова, Олжас Сүлейменов, Иранбек Оразбаев, Нұрғали Нүсіпжан, Тұңғышбай Жаманқұлов, Меруерт Өтекешова, Амандос Ақанаев, Дулат Исабеков, Төлен Әбдік, Әкім Тарази, Гульвер Разиева және басқа да қазақ әдебиеті мен өнерінің майталмандарына табысталды. 

Бұрыңғы кеңестік елдердің ішінде Президенттік стипендия тек Қазақстанда бар. Ол енді жылдық азық болмаса да, өнер қайраткерлерінің көңілін жұбататын, мемлекеттің қамқорлығына ие болғандығына риза болатын сәт деп айта аламын. Қайраткерлер аман болып, жасай берсін.Сыйлықтарын жылда алып, жүзден асып кетсін, – деді Дулат Исабеков.

Сонымен бірге, Канн халықаралық фестивалінің лауреаты Самал Есләмоваға, скрипкашы Еркебұлан Сапарбаев, суретші Ренат Елубаев, әншілер Андрей Трегубенко, Назым Сағынтай, актер Максим Ященко секілді және өзге де жас дарындарға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы