Мәдениет пен өнер қызметкерлерінің жай-күйі қандай?
2013 жылдан бері 21 мамыр елімізде Мәдениет және өнер қызметкерлері күні болып бекітіліп, кәсіби мереке ретінде аталып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Осыған орай мереке қарсаңында мәдениет саласының әртүрлі өкілдерімен сұхбат құрып, өнер мен мәдениеттің ел дамуына қосар үлесі мен маңызын, бұл салада әлі шешілмей келе жатқан мәселелерді сұрадық.
"Мәдениет болмаса, адам жабайы болып кетеді"
"Өнер алды – қызыл тіл" демекші алғашқы пікірді айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазыдан алдық.
Адам өнерсіз, мәдениетсіз ешқашан өмір сүрген емес. Енді адамдардың алғашқы қауымдық кезеңінде болған шығар. Одан кейінгі уақыттың барлығында адам өнердің айналасында болды. Мысалы, аң аулау, балық аулау құралдарына байланысты немесе жаңағы желдің соққанына, құстың шырылдағанына байланысты жасалған аспаптардың бәрі сол мәдениеттің бастауы ғой, - деді ол.
Айтыскер ақын домбыраны мысалға алып, қазіргі өнер шарықтау шегіне шыққанын жеткізді.
ХІХ ғасырдағы домбыра мен қазіргі домбыраны салыстыра алмайсың. Қазір домбыра әлемдегі мәдениеттің шыңын асқан аспаптармен тең дәрежеге жетті. Оның үлгілері де. Мысалы, бұрынғы Біржан Салдың домбырасы мен қазіргі замандағы Қайрат Байбосын ұстаған домбыраның арасы жер мен көктей. Сондықтан мәдениет – бір орында тұрмайтын дүние. Ол – заманмен бірге дамып, көктей беретін үлкен сала. Мәдениет болмаса, адам жабайы болып кетеді, - деді Серікзат Дүйсенғазы.
Ол мәдениет пен өнердің арқасында адамдар адамгершілік пен иманның дәмін сезетінін айтты. Сондай-ақ айтыскер ақын мәдениетті лайықты дәрежеде насихаттаудың маңызына тоқталды.
Әлеуметтік желілердің пайда болуына байланысты басқа дүниелер көп насихатталып кетті. Құндылықтардың орны ауысып кетті. Қазір әлеуметтік желілерде жаңағы ат шабысты, адам өлімін немесе ұрыс-керісті, өсек-аяңды көп насихаттап кетті ғой. Соның орнын мәдени дүниелер басқан кезде, мысалы, театр, өнер, кітап туралы көп насихаттасақ, оның бәрін жояды ғой, - деді ол.
Айтыскер ақын "Кеңес үкіметінің кемшілігі көп болғанымен, артықшылығы мәдениетті насихаттауды жолға қойғаны" дейді. Оған қоса, Кеңес үкіметінің кезінде жазушылар мен ақындарға жақсы жағдай жасалғанын, бір кітабы шыққан адам бір көлікті сатып алатын қауқары болғанын еске алды. Сондықтан Серікзат Дүйсенғазы өнер мен мәдениет саласы адамдарының еңбегі дұрыс бағаланып, "биік өнердің адамдары той жағалап жүрмеу керек" деген пікірде.
Осы мәдениет саласы көгеріп, көктеу үшін ол саладағы адамдар бақытты ғұмыр кешу керек. Жақсы өмір сүру керек. Мысалы, мықты әншілер, мықты актерлар той жағалап жүрмеу керек. Сол кезде біздің мәдениетіміз биік шыңға шығады. Өкінішке қарай, мықты өнерпаздарымыз санасын тұрмыс билеп, ақша табу үшін жеңіл дүниеге байланып қалған, - деді ол.
"Сахна сыртындағылар да мәдениет қызметкерлері"
Актер Әділ Ахметов Мәдениет және өнер қызметкерлері күнін тек назарда жүрген, танымал өнерпаздарға таңбай, кәсіби мерекесімен кадр сыртында қызмет етіп жүрген мамандарды да елеп, ескеруге шақырды.
Біздің театрдың өзін алып қарайтын болсақ, театрда актерлардан бөлек сахна қызметкерлері бар. Сахна құратындар, бет әрлеушілер бар, костюмерлер дейміз. Олардың барлығы да сол мәдениет қызметкерлері қатарына кіреді. Сондықтан да тек қана назарда жүрген актерлар немесе әншілер, жаңағы жазушылар ғана емес, одан бөлек сол қызметкерлер де осы мерекеге лайықты деп есептеймін, - деді актер.
Сондай-ақ Әділ Ахметов өнер адамдарының қоғамға тигізіп жатқан үлесі өте зор деп есептейді.
Өнер адамдары ол адам жанының жанашыры, жұбанышы деп білемін. Мысалы, актерларды алатын болсақ, халыққа ешқандай материалдық көмек бере алмайды. Бір үй салып бере алмайды. Бірақ өздерінің қойылымдары арқылы, өнері арқылы халықтың көңіліне бір қуаныш сыйлайды. Тіпті халық көріп қалған кезде суретке түсіп, қуанғанының өзі де бір үлкен сауапты іс. Былайша айтқанда, басқа дүниесін ұмытып, сол өнер адамын көргенге көңілі шат болғанның өзі үлкен жетістік деп білемін, - деді ол.
Актер өнер адамдары көрерменге қуаныш сыйлап қана қоймай, ой салатынын да айтты.
Қойылымдар арқылы, фильмдер арқылы ой салады. Біздің қойылымдарға келген көрермен көңілі құлазып келуі мүмкін. Бірақ сол қойылымнан кейін көзқарасы өзгеріп, өмірге деген құштарлығы ашылса, шығарма оның ойын тереңдете түссе, ол да сол өнер адамдарының еңбегі, - деді ол.
Сондай-ақ Әділ Ахметов мереке қарсаңында театрдағы өнерпаздардың жалақысын әлі де көтеру керегін атап өтті.
Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы әлі де аз. Мысалы, театрларда жұмыс істеп жүрген өнерпаздар өзінің мамандығын қатты жақсы көргендіктен қызметін атқарып жатыр. Ол жерде ешқандай да бір жалақы ұстамайды. Өйткені жалақы әлі күнге дейін өте аз. Міндетті түрде көтеру керек, - деді актер.